Баланың тәттіге тәуелділігі дерт емес, симптом – нутрициолог

Астанада нутрициолог Арайлым Мұратқызы балалардың жас ерекшелігіне сай тамақтану тәртібі, тәттіге құмарлықтың себептері және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру жолдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Нутрициологтың айтуынша, баланың жасы мен физиологиялық ерекшеліктеріне қарай тамақтану тәртібі де өзгеріп отыруы қажет.
«1-3 жас аралығындағы балалар үшін майларды жеткілікті тұтыну маңызды. Олар белсенді өсетін шақта болғандықтан, энергетикалық қажеттіліктері жоғары. 4-6 жас аралығындағы балаларда тіс толық шығып, шайнау қабілеті жақсы дамиды. Сол себепті олар қатты, талшықты, күрделі тағамдарды оңай қорыта алады. Ал бастауыш сынып жасындағы балалар мен жасөспірімдерде ақыл-ой және дене еңбегі артады. Сондықтан мидың, бұлшықеттің жақсы жұмыс істеуіне қажетті тағамдарға мән беру керек», – деді Арайлым Мұратқызы.
Фото: pixabay.com
Маман баланың тәттіге тәуелділігі тамақ режимінің бұзылуынан болатынын атап өтті.
«Егер бала ұзақ уақыт аш жүрсе немесе негізгі тамақты дұрыс ішпесе, ағза энергия тапшылығын сезінеді. Осы сәтте көмірсуларға деген қажеттілік артып, бала тез сіңетін тағамдарға – яғни тәттіге ұмтылады. Сондықтан балада тәттіге тәуелділік пайда болады. Бұл көбіне ата-ананың тамақтану тәртібіне жеткілікті мән бермеуінен туындайды», – дейді нутрициолог.
Сонымен қатар баланың тәтті жеуі бұл – симптом. Бұл дерт емес. Негізгі дерт бұл – режимнің болмауы, ата-аналардың рационы жалпы өздерінде дұрыс болмауы. Маманның сөзінше, баламен дұрыс қарым-қатынас құру, тәттіге саудаласпау маңызды.
Тыйым салу емес, балаға ұсыну керек. Ата-аналар көбіне тәттіні шектемек болып, балаға тыйым салады. Бірақ Арайлым Мұратқызы бұл тәсілдің тиімсіз екенін айтады.
«Баланың тәттіге құмарлығын тоқтату үшін бірден тыйым салуға болмайды. Себебі бұл кері реакция тудырады. Балаға жол ұсынған дұрыс. Мысалы, мен ата-аналарға консультация кезінде айтамын: «отбасыңызда бір ереже енгізіңіз». Бұл ереже әр отбасыда әрқалай болуы мүмкін. Мысалы, бала тәттіге қатты құмар, көлемі қадағалаусыз мөлшерде болса, белгілі бір уақытқа белгілеп қойыңыздар. Тек түскі уақытта жейміз немесе кешкі уақытта жейміз, егер балаңыз балабақшадан кейін жейтін әдеті болса, оны да ойластыру керек. Тәттіні бір уақытқа қойып, басқа азықтарды да реттестірген кезде, сосын барып біртіндеп бәрі дұрысталады. Екінші тәсілі, үйде дайындалған пайдалы десерттер беру арқылы тәттінің зиянын азайтуға болады. Рецептіңізде 500 грамм ұнға 150 грамм қант қосатын болсаңыз, ондағы қант мөлшерін 130 грамға ауыстырыңыз. Ал егер сенімді болсаңыз, 100-ге түсіріп көріңіз. Содан соң, баланың қалай жейтінін, реакциясын көріңіз. Қажетті тәттінің көлемін осылай басқара аласыз және бірге пісірген кезде көп жемейді. Себебі бұл жерде эмоциямен толығу болады. Осылай тәттімен «жұмсақ» қарым-қатынас құруға көмектеседі. Үшінші тәсілі, тәтті шырын ішетін кезде су қосып беру. Бірақ ондағы өзгерісті бала байқамауы керек», – дейді маман.
Фото: pixabay.com
Нутрициолог тәттіден бас тарту үшін біртіндеп әрекет ету керектігін айтады:
«Бірінші кезекте, баланың негізгі тамақтану режимін қалпына келтіру қажет. Таңғы, түскі және кешкі ас уақытында толық әрі теңгерімді тамақтанса, балада қосымша тәтті іздеу қажеттілігі азаяды. Сондай-ақ тәттіні бірден алып тастамай, оның мөлшерін біртіндеп азайтып, орнына пайдалы көмірсуларды көбейткен дұрыс».
«Баланың күнделікті рационында ақуыз, көмірсулар, пайдалы майлар, талшықтар, витамин мен минералдарға бай тағамдар міндетті түрде болуы керек. Оған сүт өнімдері, ет, балық, жұмыртқа, көкөністер, жемістер болуы маңызды», – деді ол.
Фото: pixabay.com
Арайлым Мұратқызы дұрыс тамақтану отбасыдан басталатынын айтады.
«Егер ата-ана өзі пайдалы тамақтанса, бала да соған еліктейді. Балаңыздың дұрыс тамақтанғанын, салауатты өмірді ұстанғанын қаласаңыз, ең алдымен өзіңізден бастаңыз. Баланікі өзі реттеледі. Себебі бала сіздің жегеніңізді жейді, бала үшін авторитет бұл – ата-ана. Баланың белгілі жасына дейін ата-ана оның не жейтінін, қайда жейтінін өзі шешеді. Кейін бала мектеп жасына келгенде, ата-ана оған аса қатты араласа алмайды. Сол себепті балаға дұрыс рационмен фундамент қалыптастыру керек.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жарнамалар болуы керек. Мысалы, теледидарды қосып қалсаң да, көшеде жүрсең де, фастфуд пен тәттілердің жарнамасы барлық жерде ілулі. Маркетингтің мықты жұмыс жасағаны сонша, қарның ашқанда бейсаналы түрде фастфудты ойлайсың. Керісінше, біз басқа бағытта жарнама жасауымыз керек: көкөністер мен жеміс-жидектерді жарнамалау, салауатты өмір салтын насихаттау, балаларға түсіндіру. Мұндай ақпарат мектептерде де айтылуы тиіс, плакаттар мен баннерлер ілінуі қажет. Үй бір бөлек, үйде жұмыс жасалуымен қатар, қоғамда да осындай шаралар жүргізілуі керек. Осылай ғана салауатты өмір салтын қалыптастыра аламыз.
Бұл бағытта жасалған петиция жоғарыға жетіп, жаңа стандарт қабылданып жатыр. Қазір балабақшаларда біртіндеп мәзір өзгеріп келеді. Бұдан бөлек, Instagram арқылы ата-аналарды ақпараттандыру, үйрету жұмыстары да жүріп жатыр. Менің ұсынатыным – мектептерде оқушыларға нутрициология бойынша ашық сабақтар өткізу. Мысалы, аптасына немесе айына бір рет сынып сағатын ұйымдастыруға болады. Ол кез келген тақырып болуы мүмкін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен өзім де салауатты тамақтану жайлы сабақ өткізгенмін. Онда не үшін балаға салауатты тамақтану керек, оның маңыздылығы түсіндірілді. Ата-аналардан да өте жақсы кері байланыс келді: балалар үйге барып, мен айтқан ақпаратты ата-аналарына жеткізген. Демек, балаларға бұл тақырып қызықты әрі пайдалы болды», - дейді ол.
Сара Қамзаева



