Қазақстандықтарға 437 млрд теңгеден астам бала туу және оның күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді


Жыл басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан, баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдермен жалпы сомасы 437,7 млрд теңгемен 369,1 мың адам қамтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ал бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен барлығы 30,6 млрд теңге сомаға 169,2 мың адам, оның ішінде маусым айында 4,3 млрд теңге сомасын 24,2 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 21,7 млрд теңге сомасында орта есеппен 123,8 мың адам қамтылды, оның ішінде маусым айында 3,6 млрд теңге сомасын 124,5 мың адам алды.
Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.
Биылғы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
- бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
- екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
- үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 166,9 млрд теңге сомасында 116,1 мың адам алды, оның ішінде маусым айында 22 млрд теңге сомасында 19,4 мың адам алды. 2025 жылдың 6 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 556 736 теңгені құрады.
Сондай-ақ, МӘСҚ-дан әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға бала туған күннен бастап бір жарым жасқа дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
2025 жылдың 6 айында бұл төлем 218,5 млрд теңге 129,2 мың адамға, оның ішінде маусым айында 35,5 млрд теңге 19,5 мың адамға тағайындалды. 6 айдағы орташа айлық төлем 89 881 теңгені құрады.



