00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстандағы псевдосалафизм несімен қауіпті? – Дінтанушы жауап берді

24 мамыр, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстандағы псевдосалафизм несімен қауіпті? – Дінтанушы жауап берді
Фото: newsbytesapp.com

Тарихи тұрғыдан алғанда, қазақстанда халықтың көпшілігі ұстанатын дәстүрлі діндер - ханафи мазхабының сунниттік бағытындағы ислам және православиелік христиандық. Алайда, бейбітшілігімізді бұзғысы келетін кертартпа діни ағымдардың бар екендігі көпшіліктің назарын аударып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы дінтанушы Темірлан Советов айтты. 

Соңғы кездері дәстүрлі емес діни ағымдар қатарынан «псевдосалафизм» деген ұғым пайда болды. Бұл топ өкілдері Қазақстанның барлық азаматтарына өздерінің діни түсініктерін сіңіріп және басқа діндер мен атеистерге деген өшпенділікті насихаттайды. Олар елде қалыптасқан конфессияаралық және ұлтаралық бірлікке, қоғамымыздың тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Нәтижесінде псевдосалафизмді ұстанушылар «мұсылманға жат» дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан, киім-кешек пен зергерлік бұйымдардан бас тартып, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істеуді доғарады. Өздерінің радикалды көзқарасын адам санасына сіңіре отыра тек «нағыз мұсылман» жамағатпен («нағыз мұсылман» деп олар өздерін ғана санайды) араласып, намаз оқымайтын адамдарға «кәпір» деген ат береді. Псевдосалафизмді ұстанушылардың пікірінше намаз оқымайтын адам сойған малдың еті харам (жеуге жарамсыз) болып саналады. 

Ислам біреудің дүние-мүлкіне қол сұқпауға шақырады. Ал псевдосалафизм өкілдері басқа, діндегі адамның мүлкі мен өміріне қастандық жасау, оларға зорлық-зомбылық көрсету, заттарын тартып алу рұқсат етілген амал (халал) деп санайды, - деді ол. 

Сонымен қатар дінтанушы радикалдардың мақсаты қандай екенін айтты. 

Радикалдардың мақсаты қандай? Олардың шынайы мақсаты – тұрақсыздық орнату. Тиісінше, кез келген діндегі, кез келген деструктивті топтардың жұмыс принципі бойынша радикалдардың бірінші кезектегі міндеті адамдардың аз бөлігін қоғамнан алшақтатып, әртүрлі жабық қауымдастықтар құру. Бұл жамағатқа «ақ» немесе «қара» деген түсінік қалыптастырып, қоршаған ортаны «харам» немесе «халал» деген екі топқа бөліп тастау.

Псевдосалафизмде олардың идеологиясына сәйкес келмегені үшін ғана заңды билікті Қарулы күшпен құлатуға дайын радикалды ағымдар бар. Зорлық-зомбылыққа жүгінбей-ақ, өз көзқарастарын халық арасында кеңінен таратып, қолайлы сәтті күту керек деп айтатындар бар. Қауіпсіздік және қоғамдағы тыныштықты сақтау тұрғысынан екі топ та қауіпті екенін ұмытпаған жөн.

Бүгінде радикалдар адам санасына әсер етудің әртүрлі әдістерін қолданып жүр. Олар психологиялық тәсілдерді де өте жақсы меңгерген. Ойланып қарайтын болсақ, теракт жасауға баратын адамның жай-күйі қандай? Ол зомби-адам. Өз бетінше ойлана алмайтын адам ғана мұндай әрекетке барады. Радикалды топ өкілдері адамды трансқа кіргізу үшін сан түрлі тәсіл қолданады, мысалы, ДАИШ экстремистері нашид деп аталатын діни әуендерді белсенді пайдаланады.

Осылайша, радикалдар «соғысты» өзінің халқынан, туып-өскен жұртынан, бейбіт жұрттың берекесін қашырудан бастайды.

Псевдосалафизм ислам дінінің шарттарын орындап жүрген топ емес, олар саяси қозғалыс екенін есте ұстаған жөн. Псевдосалафиттер мемлекетке, билік өкілдеріне қарсылық танытып, ҚМДБ имамдарымен үнемі қақтығысқа түсіп отырады. Олар намаз оқымайтын адамдарға «кәпір» деген үкім шығарады, ол дәстүрлі ислам тұрғысынан үлкен күнә болып саналады, - деді Темірлан Советов.