Қазақстандағы өндірістік жарақаттану деңгейі 16,6%-ға азайған


2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 584 жұмыскер зардап шегіп, оның 77-сі қаза тапты. Бұл ретте биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 16,6%-ға төмендеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметінше, биылғы 6 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,08 құраған.
«Республиканың өндірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 61 адам, ШҚО-да – 50 адам, Павлодар облысында – 44 адам, Атырау облысында – 40 адам, Ақтөбе облысында – 39 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында 51 адам зардап шекті», - делінген хабарламада.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,1% және құрылыс саласында – 9,2%.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,6%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32,9%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,6%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,1%).
Еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 439 материалы жіберілді, соның негізінде 139 қылмыстық іс қозғалды.



