Астанада сарбаз аналарының II республикалық форумы өтеді


Қорғаныс министрлігінде Аналар күніне арналған «Баласының қызметіндегі ананың орны» II республикалық форумына дайындық шеңберінде ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Басқосуға Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев төрағалық етті. Кеңес жұмысына «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің басшысы Лилия Хайруллина, Қорғаныс министрлігі, ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Бас әскери прокуратура, Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Қорғаныс министрінің орынбасары бұл мереке әйел-аналарды құрметтеу үшін белгіленгенін атап өтті.
- Әйел-ана – өмірдің бастауы, отбасының негізі, ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің тірегі. Елорданың төрінде қолына алтын тостаған ұстаған ананы бейнелейтін «Отан Ана» монументінің болуы да бекер емес», – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Сарбаз аналары комитетінің басшысы Лилия Хайруллина бұл жай ғана жұмыс кездесуі емес, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылығымен диалог құру екенін айтты.
«Біздің ортақ міндетіміз – армиядағы қызметтің қауіпсіз, әлеуметтік жағынан қорғалған, әрі беделді болуы үшін жағдай жасау. Сонда ғана жастар борышын өтеуге әскерге барады. Ал олардың туыстары Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға сенетін болады», – деп атап өтті Лилия Хайруллина.
Ол сондай-ақ алдағы II республикалық форум армия, мемлекет және азаматтық қоғам тоғысатын практикалық диалог алаңы екенін атап өтті. Онда қызмет ету жағдайларын талқылау, нақты шешімдер әзірлеу және балалары әскери борышын адал орындап жүрген аналарға көпшілік алдында алғыс айту жоспарлануда.



