Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» байқауы басталды

Қарағанды облысында республика бойынша алғаш рет «Кітап оқитын ұлт» байқауының пилоттық жобасы іске қосылды. Зияткерлік сайыс ауқымды аудиторияны қамтиды: 6-10-сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер мен әулеттік командалар қатыса алады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі берік, болашағы баянды болады. Осы қағиданы басшылыққа алып, біз қыркүйектің басынан «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолға алдық.
Мақсатымыз бір – халқымызды бәсекеге қабілетті, озық ойлы ұлттардың қатарына қосу. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша көңіл бөліп отырғаны бекер емес. Мұның астарында ұлттық мұрат пен мемлекеттік мүдде жатыр. Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтырғанда ғана рухани серпіліске, сапалы өрлеуге бет бұрамыз.
Өңірімізде осы күндері басталған мәдени-ағартушылық сайыс – ұлттық бастаманың алғашқы қадамы. Республика бойынша бұл жобаны пилоттық форматта тұңғыш рет қолға алған соң, әрине, қобалжу да болды, толқу да болды. Телефонға телміріп, әлеуметтік желіге шырмалған заманда халыққа кітап оқыту қиын болар ма екен деп алаңдадым.
Алайда, алғашқы күннен-ақ халықтан лег-легімен түсіп жатқан сұрақтар мен өтініштер бұл күдікті су сепкендей басты», - дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Әкім орынбасарының айтуынша, оқырманның ынтасы бар, тек дұрыс жол көрсетіп, мүмкіндік беру керек.
«Әр санат бойынша тіркелгендер саны күннен күнге артып барады. Бүгіннің өзінде 60 мыңнан астық!
Аудан, қала, ауыл тұрғындары жобаның ресми парақшаларына – instagram.com/kitapoqitynult – сондай-ақ арнайы ашылған сайтқа reading-nation.kz үздіксіз тіркеліп жатыр. Бар ақпарат осы платформаларда жарияланады.
Бүгінде қатысушылар саны бойынша көш басын Қарағанды қаласы бастап тұр. Шахтинск, Теміртау, Балқаш. Шет, Бұқар жырау, Осакаровка, Нұра аудандары да намысты қолдан бермей келеді.
Байқауды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын тәжірибелі ұстаздар, мен тіл мамандарын Жобалық кеңсеге біріктірдік. Олар өңір-өңірді аралап, халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Жалпы, аяқ алысымыз жаман емес
Бастысы – санмен емес, сапамен діттеген мақсатқа жету. Және жеңіп, жүлделі болудан бұрын, ең алдымен халықты кітап оқуға қызықтыру, дағды қалыптастыру», - деді Әлібек Әлденей.
Ол игі бастаманы ұйымдастырған «Кітап оқитын ұлт/Читающая нация» қоғамдық қорына, Amanat партиясына, сонымен қатар қаржылай демеу көрсеткен Alageum және RGB компанияларына алғысын білдірді.



