«Алматы облысында мұғалімдер күш қолданып, оқушылар ауруханаға түскен» – сауалнама нәтижелері

29 сәуір, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Алматы облысында мұғалімдер күш қолданып, оқушылар ауруханаға түскен»  – сауалнама нәтижелері
Фото: Freepik

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы облысындағы мектептерге жүргізілген тексерудің нәтижесі туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының тапсырмасының аясында осы айда біз мемлекеттік органдар, Балалар құқықтарын қорғау комитетімен бірге Алматы облысының 7 ауданындағы мектептердегі жағдайға іріктемелі тексеріс жүргіздік. Өкінішке қарай Алматы облысы Іле ауданында оқушының басқа балаларға қатысты жасаған зорлық-зомбылығы – бұл облыс мектептеріндегі үлкен жүйелі проблеманың бір көрінісі», - деді уәкіл.

Динара Закиева оқушылар арасында сауалнама жүргізілгені туралы айтты.

«Облыс оқушыларының арасында анонимді сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталарын зерттедік. Нәтижелері бізді селт еткізді. Мысалы, Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының мектептерінде балалар ақша бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық-зомбылық, сонымен қатар мұғалімдер тарапынан, дене шынықтыру және алгебра пәні мұғалімдерінің тиісу әрекеткері туралы жазған. Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен.  Сондай-ақ Жамбыл ауданының бір мектебінде балалар келесі қорқынышты көріністі сипаттаған. Кіші сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларын көргенде қолдарын ақша беру үшін бірден қалталарына салады екен, әйтпесе оларға күш қолданылады дейді. Балалар бесінші сынып оқушысын топ болып ұру, насыбай қолдану (ол кейде жерде жатады деп жазған) туралы да жазған», - деді спикер.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тәрбие бағдарламаларын іске асыру деңгейі төмен екенін жеткізді.

«Сонымен қатар олар оқушыларға қатысты кибербуллингті жариялайтын анонимді Instagram-арна туралы хабарлап, бұл туралы мұғалімдерге айтқандарымен, ешқандай көмек алмаған. Одан бөлек, балалар күзде кемінде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты, бірақ мектеп бұл фактіні жоққа шығарып отыр, ал полиция мұндай ақпаратқа ие емес екен. Осылайша, мектептерде оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің жасыруы, балалармен профилактикалық және жеке жұмыстың жоқтығы байқалады. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді, жасырады және полицияға хабарламайды.  Бұдан бөлек, көптеген жағдайларда мектептердің өздері анкетада буллинг, ақша бопсалау және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер бойынша оң жауаптар берілгеніне қарамастан, қорытынды анықтамада мұндай жағдайларды 0% деп көрсеткен.  Сонымен қатар, облыста тәрбие бағдарламаларын және қабылданған заң нормаларын іске асыру деңгейі төмен екенін атап өткен жөн», - деді спикер.

Динара Закиеваның айтуынша, аталмыш фактілер жауапты органдарға жолданады.

«Аталмыш фактілердің бәрін біз облыс басшылығы, полиция және өзге басқармалармен өткен қорытынды жиналыста жария еттік. Сондай-ақ біз облысқа және уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын анықтама дайындадық», - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.