Ақтөбеде тағы бір ауыл тұрғындары жаңа үйлердің кілтін алды
Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан баспанасынан айырылған қазақстандықтарға кілттерді табыстау жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Ойыл ауданында 21 отбасы жаңа үй иелері атанды. Үйлер «Eurasian Resources Group» (ERG) құрылтайшы-акционерлері бөлген қаражатқа салынған.
Жалпы, ERG компаниясы Ойыл ауданында Ойыл, Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында 172 үйдің құрылысын қаржыландырды. Ырғыз ауданында Ырғыз, Нұра және Мамыр ауылдарында 120 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қаражат Мұғалжар, Қобда, Темір, Ойыл, Ырғыз аудандарында және Ақтөбе қаласында тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге бағытталды.
Аудан орталығында жаңа тұрғын үйлердің кілттерін өз иелеріне табыстау шарасына аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен ERG өкілдері қатысып, тұрғын үй иелерін құттықтады. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компаниялар өз кезегінде тұрғын үй иелеріне тұрмыстық техника табыс етті.
«Бүгін біз су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналған жаңа үйлерді табыстау мақсатында жиналып отырмыз. Осыған дейін аудан көлемінде қалпына келтіру жұмыстары аясында Саралжың ауылдық округінде үйлер пайдалануға берілген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық жұмыстар мерзімінде орындалуда. Тұрғын үйлер құрылысында жерлестеріміздің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сапаға ерекше назар аударылғанын атап өткім келеді», – деді аудан әкімі.
Қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүзеге асырылуда.
«ERG 30 жылдан бері елмен бірге дамып, жұмысын жүргізіп келеді. Біздің миссиямызда бізге сенім артқандардың өркендеуін қамтамасыз ету туралы жазылған. Сондықтан еуразиялықтар біздің кәсіпорындарымыз орналасқан туған өңірлеріміздің тұрғындары тап болған қиындықтан шетте қала алмады. Бүгін біз апаттан зардап шеккендердің жаңа тұрғын үй кілттерін алғанына қуаныштымыз», – атап өтті ERG компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Бұған дейін Ойыл, Әйтеке би аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйлердің кілттері табысталған болатын. Жақын аралықта аталған шаралар Мұғалжар, Қобда, Темір және Ырғыз аудандарында жалғасын таппақ.
ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы жүргізілуде, тұрғын үй сатып алу және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда зардап шеккендерге 211 жеке тұрғын үй салынып, 495 – сатып алынды, 3 048–інде жөндеу жұмыстары аяқталды.