Елімізде 12 мыңнан астам адам банкроттыққа өтініш берген
Астанада 697 адам банкроттыққа өтініш берген. Олардың бәрі соттан тыс банкроттыққа арыз жазған, деп хабарлады Elorda.info Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарына борышы 5 млн 500 мың теңгеден аспайтын азаматтар қарызды өтеудің осы түрін таңдай алады. Сондай-ақ ол қарыз соңғы 12 ай төленбеген болуы керек және борышкердің мүлкі болмауы шарт. Соттан тыс бонкроттық рәсімін пайдалану үшін несие алған мекемемен келісімшарт болуы тиіс. Өтініштер eGov порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталығында қабылданады. Арызды қарау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. Өз арызына теріс жауап алған азамат 3 айдан кейін қайта өтініш бере алады.
Жалпы, Қазақстан бойынша 12 жарым мыңға жуық адам банкроттыққа өтініш берген. Еске салайық, өтінімдерді қабылдау 3 наурызда басталды.
Бұның салдары да бар. Салдарын айта кететін болсақ, банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін 5 жылдың ішінде ешқандай несие ала алмайды және де 3 жылдық мониторинг деп аталады. Қаржылық мониторинг жүргізіліп отырады. 3 жылдың ішінде жағдайы жақсарған жағдайда, өз аттарына мүлкі тіркеліп, жақсарған жағдайда ол банкроттық рәсім кері қайтарылуы мүмкін, – деді Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы.