00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Биыл тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға 50 млрд теңге бөлінбек

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Биыл тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға 50 млрд теңге бөлінбек
ашық дереккөз

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жекелеген санаттарға жататын азаматтардың мәселелерін жеделдетіп шешу үшін қазір елімізде жеке тұрғын үй қорындағы баспананың жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатқаны мәлім, деп хабарлады Elorda.info ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылы бұл мақсатқа 50 млрд теңге бөлінбек. Бұл 70 мыңға жуық адамды қамтуға мүмкіндік беріп, олардың баспананы жалға алудағы төлемінің 50% өтеуге септеседі.

Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Otbasybank.kz платформасына жіберуге болады. Субсидиялауға өтініштер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үйді азаматтар өздері іздеп, таңдауы тиіс. "Отбасы банк" тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді.

Осы орайда жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар үміткер бола алатынын айта кеткен орынды. Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орта айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

"Отбасы банкі" субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайтын болады. Өз кезегінде жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді. Бұл орайда жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынатынын еске сала кеткен жөн.

Жалға берілетін тұрғын үйге өтініш беру алгоритмдері туралы толық ақпаратпен "Отбасы банк" АҚ-ның www.hcsbk.kz сайтының "Қолжетімді баспана" бөлімінде танысуға болады.