00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Самұрық-Қазына» 2022 жылы әлеуметтік жобалар бойынша атқарылған жұмысты қорытындылады

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Самұрық-Қазына» 2022 жылы әлеуметтік жобалар бойынша атқарылған жұмысты қорытындылады
ашық дереккөз

Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының 2022 жылы атқарған қайырымдылық жұмысының қорытындысы бойынша есеп беру шарасы өтті, деп хабарлады Elorda.info

Қорытынды шара алғаш рет көпшілікке ашық сипатта болды. Оған Қазақстандағы қайырымдылықпен айналысатын  ҮЕҰ, өңірлердегі көмек алған балалар мен ересектер, «Самұрық-Қазына» қоры тобының қызметкерлері мен компанияларының басшылары, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Қайырымдылыққа бағытталған қаражат көлемі артады

2022 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қайырымдылыққа жұмсалатын бюджетті 40%-ға, яғни 10 млрд теңгеге дейін арттырып, балалар мен Қазақстан аймақтарын қолдауға баса назар аударды. Бір жылда барлығы 43 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, 500 мыңға жуық қазақстандық көмек алды.

Тың бастамалардың қатарында өңірлердегі 80 000-нан азаматқа көмек көрсеткен медицина пойыздары; республикамыздың 15 қаласында тұратын ерекше балаларға бейімделген спортпен айналысуға мүмкіндік беретін «Саламатты болашақ»; Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларындағы перзентханаларды сәби өмірін сақтауға арналған гипотермиялық құрылғылармен қамтамасыз ету жобалары бар.

Шарада сөз алған «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директор Ғибрат Ауғанов Қор қайырымдылыққа жұмсалатын қаржыны одан әрі арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Жақын арада «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының 7 пайызын «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына аудара бастайды. Алдын ала болжам бойынша, бұл шамамен 130 миллиард теңгені құрайды. Осылайша, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылыққа жұмсайтын шығыны 13 есеге артады.

Қайырымдылық ұйымдарының жоспары көп

Есеп беру кездесуінің алдында панельдік сессия өтіп, онда Қазақстанның қайырымдылықпен айналысатын ірі ҮЕҰ өкілдері сөз сөйледі. Олар облыстық және республикалық деңгейде жұмыс істеу тәжірибесімен бөлісіп, қайырымдылық саласындағы кейінгі жаңалықтарды талқылады. Сонымен қатар, 2022 жылғы ең есте қалатын жобалар мен игі істерді қаржылай қолдау мәселелерін ортаға салды.

Жиынға қатысушылар «Самұрық-Қазынаға» көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіріп, болашаққа үлкен жоспарлары бар екенін хабарлады. Еншілес компаниялардың өкілдері алдағы уақытта да азаматтардың игілігі үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Жиын соңында «Астана Опера» театрының камералық залының сахнасында Қазақстан өңірлерінен 2022 жылы көмек алған 30-ға жуық ерекше бала өнер көрсетті. Олардың арасында «Замандас» және «Қамқорлық» жобаларының қатысушылар да бар. Алғашқысында елордадағы аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін үйірмелер ұйымдастырылса, «Қамқорлық» жобасы арқылы ел аймақтарында ерекше балаларға арналған оңалту орталықтары ашылуда. Балалар мен олардың ата-аналары бүгінгі кездесуге арнайы жазылған «Бес қадам» өлеңін оқыды:

Жүрегімде бір бозторғай сайрайды,

Сайрайды да аманатын байлайды.

Біздің ғұмыр ұқсамайды ешкімге,

Бізге артқа шегінуге болмайды.

 

Үмітімді сөндірсе де көлеңкем,

Жабығуға уақытым жоқ, жан-еркем,

Күннің нұры әлдилейді көңілді,

Бозторғайым оятады таңертең.

 

Алақанын маңдайыма тоспаған,

Мен несіне тағдырымнан жасқанам.

Қол ұстасып барайықшы екеуіміз.

Армандарға адам аяқ баспаған.

 

Артта қалсын жолдар бізді тоспаған,

Артта қалсын қолдар бізді қыспаған.

Орындалды, бүгін, міне, қарашы,

Өмірімде арман болған бес қадам.