Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған халықаралық түркітанушылар конгресі өтті
Бүгін Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық түркітанушылар конгресі өтті. Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері және Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқыды.
Ұлт ұстазы атанған Ахаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі, – делінген Мемлекет басшысының сөзінде.
Конгресте ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөзін оқыды. Сонымен қатар ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы берілді.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндама жасады.
Конгресс аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағының, Ахмет Байтұрсынұлының таңдамалы шығармаларының 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) әзірленген кітабының, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Іс-шарада ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен және Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісімен Қазақстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары марапатталды.
Конгресс қорытындысы бойынша қарар қабылданды.