Ел аумағынан екі аптада 30 мың тоннадан астам қоқыс жиналды
«Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» республикалық акциясы өз мәресіне жетті, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл экологиялық шара аясында 30 мың тоннадан астам қалдық жиналған. Жиналған қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге 5,5 мың тонна шыны, 9,2 мың тонна пластик, 3,1 мың тонна резеңке, 4,4 мың тонна қағаз бен картон және 2,7 мың тонна металл жөнелтілді.
Биылғы 5 қазанда «Табиғатта қоқысқа жол жоқ!» атты жалпыұлттық экологиялық акциясы бастама алған болатын. Мақсаты - табиғатқа деген тиімсіз әрі тұтынушылық көзқарасқа қарсы тұратын адамдардың басын біріктіру. Қоқыстардан тазартуды қажет ететін ең ластанған жерлер анықталып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп акцияны өткізу кестесі бекітілді. Бірінші кезең 8 қазан күні бүкіл республика бойынша басталып, соңғысы өткен сенбіде аяқталды, - деп жазды Экология министрлігінен.
Акцияның барлық 4 кезеңінде экоактивистер, еріктілер, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, жалпы халық болып қатысты. Бұл – шамамен 847 мыңнан астам адам.