Республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпаздары анықталды
Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткен «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлады Elorda.info.
Онлайн форматта өткен дәстүрлі шараның негізгі мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру. Акцияның талабы бойынша әр үміткер Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп жатқа оқып, фейсбук әлеуметтік желісіне жариялады.
Астарына үңілсек, Ахаңның ғақлия сөздерін жүрегімен жатқа айтудың ар жағында елге деген сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық, ар-намыс тәрізді үлкен адамгершілік құндылықтар жатыр. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен 25 этнос өкілдерінен тұратын 170 адамның қатысуы соның айғағы іспетті, - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.
Орыс, әзірбайжан, өзбек, неміс этносы өкілдері көптеп қатысқанын айта кеткен жөн. Биыл рутул этносының өкілі акцияға алғаш рет қатысты. Қатысушылардың саны жағынан Атырау, Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Акцияда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқуға шақыру» шығармасы 33 рет оқылды.
«Жүзден – жүйрік» жеңімпаздарды анықтау бейнематериал астындағы лүпіл саны арқылы анықталды. Нәтижесінде Маңғыстау облысы топ жарды.
Бас жүлде: Виктория Гасангусейнова, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері;
І орын: Ұлболсын Халиулина, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №7 мектептің 7-сынып оқушысы;
ІІ орын: Алина Игнатьева, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы Абай атындағы гуманитарлық колледждің студенті;
ІІІ орын: Роман Грибенюк, Жамбыл облысы Шу ауданы Бірлік ауылы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы мектептің 7-сынып оқушысы.
Акцияның бас жүлдегеріне 100 мың теңге сыйлық табысталады.