Моңғолия Президенті екі қазақстандықты марапаттады
Бүгін Қазақстандағы Моңғолияның елшілігінде бірқатар азаматтарды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Моңғолия вице-премьері Сайнбуянгийн Амарсайхан мен Ақпарат және қоғамдық даму министрі қатысқан жиында екі елдің арасындағы қарым-қатынасына үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Вице-премьер Сайнбуянгийн Амарсайхан мырза QazaqGeography қоғамының атқарушы директоры Орман Нұрбаевты Моңғолия Халық Республикасының «Алтын жұлдыз» орденімен және Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлын «Достық» орденімен марапаттады.
Іс-шара аясында Моңғолия вице-премьерімен кездескен Дархан Қыдырәлі Түркі академиясы ұйымдастырған ғылыми экспедицияларға көрсеткен қолдауы үшін әріптесіне ризашылық білдірді. Сонымен қатар таяуда өтуі жоспарланған Орталық Азия медиа форумына шақырды.