00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Сұлуды жібітпесең, жарылады...»: Мұхамеджан Тазабек атышулы Айжан Байзақоваға жазба арнады (ВИДЕО)

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Сұлуды жібітпесең, жарылады...»: Мұхамеджан Тазабек атышулы Айжан Байзақоваға жазба арнады (ВИДЕО)
ашық дереккөз

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек атышулы Айжан Байзақоваға арнап жазба жариялады, деп хабарлады Elorda.info.

Көріп қуандым..

Өткен өтті, кеткен кетті…

Алла бағын ашып, барған жерінде бақытты боп, теңімен жарасып, ұрпағымен гүл ашып, үлгілі келін болуына тілектеспіз.

“Біреудің күнәсін көп сөз қыла берме, күнәсін көрдің тәубесін көрген жоқсың” деген тәмсіл бар ғой.

Өкінішке орай, сүрінгенді табалап сөз қыламызда, тәубеге ілінгенді бағалап, қолдай алмай жатамыз…

Кез келген күшті боп көрінген әйелдің ішінде нәзік қана, әлсіз ханшайымы жатады, әлемге доқ көрсетіп, долданып тұрған жанның да ішінде өкіріп жылап, тазарғысы келетін табиғаты тұрады…

Ашылып-шашылған, тасынып төгілген қылық пен қырсыққан қыр көрсетудің арғы жағында дер кезінде бөлінбеген көңіл, сүйектен өткен сөз, ашындырған зорлық, ақырында не болса ол болсын деген дүмпу жатады…

Жылаған қызды жұбатпасаң қатаяды, қатайған сұлуды жібітпесең жарылады…

Мұңайған қыздың тасасында жауапсыз жігіт тығылып тұр…

Ашынған арудың төңірегін қорған бола алмаған қоғам қоршап тұр…

Біз соны сезініп, біз соған қол ұшын созатын қауымбыз ба?!

Қаншама сырын жасырған қыз бар, қаншама іштен тынған әйел бар, қаншама тістеніп жүріп, тірлік қылған ана бар?!

Бақытты болуға талпынған жанға тірек болуымыз керек, жауапсыз сәттерін бетіне басып, табалап сөйлеу текті елдің тірлігі емес.

Әр қыздың бақытты болуға, әр ананың бала сүюге қақысы бар.

Хамза (р.у) қатал ғой деп күдер үзген, Омар (р.у) иманға келеді деп ойлап көрмеген орталар да болған. Алла қалағанын тура жолға салып, қалаған құлын адастырады…

Жылт еткен жақсылыққа қуанып, инедей ізгіліктен үміт етіп, пендеден пәле іздемей, ақсағанды ақтауға, жаңарғанды жақтауға тырысатын ағайынға Алланың нұры жаусын! — деп жазды ақын.