Белгілі әнші бірнеше рет есірткіге мас күйде көлік жүргізген
Музыкалық топтың солисі есірткіге қолданып, көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Polisia.kz сайты жазғандай, Алматы қалалық Полиция департаментінің Анықтау басқармасы көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Әліби Мұратқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында былтыр қыркүйекте Ә.Мұрат есімді ер адам мас күйінде көлік жүргізген кезінде ұсталғаны анықталды. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Алайда өзіне тиісті қорытынды жасамай, биыл 6 тамызда Әліби Мұрат есімді ер адам тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні Мұраттың үстінен қылмыстық іс қозғалды және қамауға алынды, - деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
28 қыркүйекте Бостандық ауданы сотының үкімімен Әліби Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.