Қазаққа қажет сөз айтқан
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылы еліміздің ресми бас басылымына бас редактор Шерхан Мұртазаның бұйрығымен қызметке қабылдануым менің ғұмырбаянымдағы тағдыршешті оқиға болғанын, шынын айтқанда, ол кезде топшылаған жоқ едім. Алдағы өмір жолыңды дәл болжап, біле алмаудың өзі жаратқан иеміздің адамның тағдырын түрлі соқпақтарға салып, сынауы екенін соңыра бір түсінесің.
Шерағаның бұйрығымен «Социалистік Қазақстан» газетінің Шымкент облысындағы меншікті тілшісі болып қызметке қабылданған мекемеде мен табан аудармастан 27 жыл еңбек еттім, тілшіден – басылым басшысына дейінгі жолдан өттім. Әртүрлі қызмет сатысынан өтіп, мыңнан астам мақала жазып, қазақ журналистикасында өзіндік орны, қолтаңбасы бар бас редакторлар мен әріптестерімнен тәлім ала, тізе қоса жүріп қасиетті қара шаңырақтың өсіп-өркендеуіне қолымнан келгенше, шама-шарқынша үлес қостым деп ойлаймын. Ал бәрі де сол Шерағаның бұйрығынан, батасынан басталған еді…
Шерағаның шекпені
Кез келген редакцияның ұстыны, негізі, өзегі – журналист, яғни тілші. Бұл – Шераға қатаң ұстаған қағида. Жұмысқа қабылдаудан бастап әр тілші – бас редактордың қатаң қадағалауында. Бас редактор міндеті – талабы, таланты бар тілшіге қанат бітіру. Тақырып ұсынып, талпындыру – Шераға қағидасы. Шерағаң шекпенінен шығып, өзі де үлкен қаламгер тұлғаға айналып, рухани әлемімізде өзіндік орнын алған, барша қазақ мақтаныш ететін шәкірттері қаншама?! Қазір қазақ журналистикасында «Шерағаңның шекпені» деген ұғым қалыптасты, бұл – ұлттық өркениет үшін «Гогольдің «Шинелінен» кем емес құбылыс. Сондықтан осы сөз тіркесін ғалым-зерттеушілер зерттеу нысанына алып, ғылыми айналымға қосса, болашақ журналистер даярлауға таптырмас мұра болар еді. Шерағаң тәрбиелеген журналистердің көпшілігі қаламы қарымды маман ғана емес, ұлтының сөзін сөйлейтін тұлғаға айналды. Яғни Ұстаз олардың бойына ұлтшылдық, отаншылдық дәнін септі. Шерағаң ұлтын ойлап, қаламын қолына алды және шәкірттеріне де осы қасиетті бойтұмар етті.
Редакторлардың редакторы
Қазақ журналистикасы тарихында Шерағаға тән тағы бір феномен – ол кісі ұлттық басылымдардың (балалардыкінен өзге) барлығына жетекшілік жасады әрі «Қазақстан» ұлттық арнасының да тізгінін ұстады. Және қалай басқарды – әлі күнге дейін аңызға бергісіз әңгіме көп. Ол тізгінін ұстаған журнал да, газет те көп ұзамай түрленді, түледі, сілкінді, өзгерді, ақыр соңында жұрт іздеп жүріп оқитын басылымға айналып, тиражы да еселеп артты.
Бұл сонау тоқырау заманы, айнала қара түнек, жол көрсетерің де, шамшырағың да – Орталық Комитет. Не істеді сонда Шерағаң? Шераға басқарған басылым – қазаққа қажет сөз айтты, сол сөз оның үмітін үзген жоқ, отын өшірген жоқ. Тоқырау құрсауындағы тымырсық кезеңде жанын жылытатын сөз іздеген қазақ «Жұлдыз» журналын 100 мың данадан, «Лениншіл жасты» 300 мыңнан асырған, тәуелсіздік қарсаңында «СҚ – «Егемен Қазақстан» 200 мың данаға жетті. Журналиске тән баспалдақтардан сатылап өткен, өзі кезінде өткір де батыл тілші болған Шерағаң басылымның бүге-шігесін, мамандығының қыр-сырын жете меңгерген еді. Басылым қандай болу керек, қазаққа қандай іс керек, дәл қазір не айту керек, кім айту керек – міне, газет-журналға жан бітіретін мәңгілік сауалдар ешқашан оның назарынан тыс қалған жоқ.
Басылым қалай батыл болады, қалай тартымды болады – ол тікелей бас редактор тұлғасына байланысты мәселе. «Редакторына қарап, газетін таны, редакторы қандай болса, басылым сондай» деген теңеу тегін айтылмаса керек. Газет – ұлттың өзімен өзі сөйлесіп-пікірлесу мінбері болса, редактор оның модераторы.Редактор – дирижер сияқты сиқырлы таяқшасын дұрыс сілтемесе әр музыкант шөре-шөре болып, өз бетінше лағады, ортақ үн естілмей қалады. Редактор – режиссер сияқты әр әртіс өз образымен ғана әуре болып кетсе, қойылымның мақсаты мен айтарын көрермен түсінбей, түйсінбей текке уақыты кетеді. Шераға тоқсаныншы жылдары тізгінін ұстаған кешегі сықиған «СҚ» – аты өзгеріп «Егеменді Қазақстанға» айналып қана қоймай, заты да өзгерген, халықтың мүддесін жыртатын ұлттық басылымға айналды. Газет сынаған обкомның бірінші хатшылары, ірі мекеме басшылары қызметтен кетіп жатты. Ұлттың мүддесі тапталған, есесі кеткен тұстар ашық айтылды. Шерағаң өткір тілшілерінің қолынан қақпай, қайта қамшылап отырды. Өзі телефондап, тікелей тапсырма беретін. Сол тұста мен өңірді уысында ұстап отырған – облыстық тұтынушылар одағының төрағасы (облпотребсоюз) Реймер деген басшыны аяусыз сынадым. «Суға салса батпайды, отқа салса күймейді», «Сынаған сайын бүлдіріп жатыр», «Сөзден қадір, биліктен дәрмен кетті ме?» деп ондаған мақала жарияладым. Бір жылдай айқастық. Шерағаң сияқты қорған болмаса, олар таптап кетер еді. Шерағаңды арқа тұтып, обкомның хатшысын, қазақты жұмысқа алмайтын алып зауыт директорларын да аяусыз сынап жаттық. Олардың қолдары ұзын еді. Бірақ Шерағаңның сұсы басып тұратын. Оған кісі сала алмайтынын білетін. Шерағаңның сұсы біз сияқты журналистер қауымы мен қарапайым оқырманның ғана емес, тұтас ұлттың қорғанына айналғанына біз ол кісі Парламент мінберінен найзағайдай күркіреп сөйлегенде куә болып едік. Ғұмырын халқының сөзін сөйлеп, мұңын жоқтауға арнаған Шерағаңның депутаттық қызметі де кейінгілер сабақ алатын үлкен мектеп деп айтар едік. Ұлттың мүддесіне келгенде аузына су толтырып алғандай міз бақпайтын депутаттар кеше осы қабырға Шераға сөзіне куә болғанын ұмытпау керек.
Фото: e-history.kz
Жылдар жылжыған сайын біз Шерағаңды жиі іздейміз. Ұлтымыздың ұнжырғасы түспеу үшін Шерағаның гүрілдеген дауысы үнемі естіліп, сұсы бізге жігер беріп тұруы керек. Шерағаңның шымырлаған шындығын шамшырақ етсек қана біз шынайы әділетті қоғам құрамыз. Біз Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынұлын, Тұрар Рысқұловты көрген жоқпыз, бірақ солардың етегінен ұстап, ізінен ерген Шерхан Мұртазамен замандас болдық…
Еркін ҚЫДЫР