Балабақша тәрбиешісі мен мұғалімнің жалақысы өседі
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждер мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25%-ға өседі, деп хабарлады Elorda.info Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25%-ға артып, 2022 жылғы қаңтарда тағы 25%-ға өскен болатын. Осылайша мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында мұғалімдер жалақысының жыл сайын көтерілуі оң нәтиже беріп отыр. Мұғалім мамандығына мектепті үздік бітірген түлектер келе бастады. Талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсіп, педагогикалық мамандықтарға түсетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есе көбейді. 2023 жылғы қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сонымен қатар мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейін), магистр дәрежесі үшін, сабақтарды ағылшын тілінде жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер, – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.