Жәннатта әйелдерге «хор жігіттері» беріледі – дінтанушы
Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында көп әйел алу мен талақ айту түсініктерін көпшіліктің қате түсініп жүргенін айтты. Тіпті жәннаттағы «хор қыздары» туралы көпшілік ер азаматтың ойы нәпсіқұмарлық болып жатады екен. Маман шариғатта айтылған дүниелердің мағынасын айқындап айтып берді, деп хабарлады Elorda.info Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Дінтанушы қазір көп ер азаматтардың нәпсіқұмарлықпен 4 әйел алу дінде бар деп ұрандататынын айтады. Сөзінше, егер азамат бәйбішесіне 3 рет талақ айтып, балаларымен қаңғытып жіберсе, әрі қарай басқаға үйленуінің қажеті шамалы. Ол дінімізде бәйбіше-тоқалына әділетті, балаларына бірдей қарай білетін азаматқа ғана бірнеше әйел алуға рұқсат етілгенін айтты.
Құдайдың рұқсат берген дүниелерінің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу. Әрине, мінезің сәйкес келмей, бір күнің де тыныш өтпейтін болса, шарасыздықтан ажырасуға тура келіп жатады. Бұндай жағдайда дінде ажырасуға рұқсат берілген. Себебі балаларыңды қаңғытып, нәпсіқұмарлықпен бір әйелге талақ айтып, жібере салып, екіншісін алу мұсылманға тән қасиет емес, – деп қосты дінтанушы.
Кеңшілік Тышқанұлы сонымен қатар шариғатта әйел адамдардың да қазылар алдына келіп ажырасуға арыздануына болатынын айтты. Бірақ ол үшін күйеуі некесін қияр кезден бастап әйелге бұл құқыққа рұқсатын беруі керек екен.
Оқи отырыңыз: «Дандайсып кетті»: белгілі дінтанушы имамдарды сынап тастады (ВИДЕО)
Шариғатта отбасының тірегі ер адам болғандықтан талақ айту құқығы да оған берілген. Алайда қазіргі кезде көп ер азаматтар оның мәнін түсінбей қате пайдалануда. Біреуіне үйленіп талақ айтып, екіншісіне барып жүргендер қаншама. Неке ойыншық емес. Мұндай есепсіз әрекеттер болашақта ұрпағыңның алдынан шығуы мүмкін. Сондықтан талақ айтуды нәпсіқұмарлыққа айналдыру – үлкен қателік, – деді маман.
Дінтанушы шариғаттағы «хор қыздары» көп ерлердің арманы екенін жасырмайды. Әйтсе де бұл тұрғыда әйелдерге де «ғилман» «хор жігіттері» бар екен. Сөзінше, мұндай «хор жігіттері» тұрмысқа шықпаған, күйеуіне ұнамаған, күйеуін өмір бойы ұнатпаған, осы өмірде әрең жүріп, о дүниеге барған кезде сол ұнамсыз күйеуіне қайтадан тұрмысқа шыққысы келмеген әйелдерге жазылған.
Көп ер азаматтар осы дүниенің нәпсісімен, құштарлығымен сол «хор қыздарына» жеткісі келеді. Ал жәнната қанағат пен қалаудың бәрі өзгеруі мүмкін. Ол жақта жағдайдың қалай боларын ешкім білмейді ғой. Сондықтан алдымен жәннатқа кірудің қамын ойлау керек. Шариғаттағы «хор қыздары» туралы айтылған мәліметтерді жоққа шығара алмаймыз. Алайда ер адам көбіне нәпсісіне қарай жәннатты осылай елестетіп жатады. Тіпті сол «хор қыздарының» санын да нақтылап айта алмаймыз. Діни тұрғыда бұл өте терең мағыналы дүние деп айтар едім, – деді Кеңшілік Тышқанұлы.