Биыл әуе және темір жолда 19 000 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген
Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері департаментте 19 209 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ қаңтар және мамыр айлары аралығында көлік полицейлері түрлі құқық бұзушылық жасағандары үшін жолаушылар пойызы мен ұшақтардан 701 азаматты түсірген. Оның 437-сі жолаушылар пойызынан, ал 264-і – әуе көлігінен.
Мәселен, 4 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Дубай – Нұр-Сұлтан бағытындағы әуе рейсінен акт бойынша тәртіп бұзған әйелді түсірді. Тексеру барысында полицейлер әуе кемесінің бортында темекі өнімін тұтынған 21 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасын анықтаған. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441 бабы 1-2 бөлігімен, яғни, әуе кемесінің бортында темекі өнімін тұтыну бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 153 150 теңге көлемінде айыппұл салынды.