00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қайырымдылық қорының жұмысын жалғыз жүргізу үшін қандай соқпақтарға дайын болу керек

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қайырымдылық қорының жұмысын жалғыз жүргізу үшін қандай соқпақтарға дайын болу керек
ашық дереккөз

– Ерлан, сіз ашқан қайырымдылық қоры қашаннан бері жұмыс істеп келеді? Бұл істі бастауыңызға не түрткі болды?

– Мен негізі әуесқой спортпен айналысатын едім – жүгіретінмін. Соңғы жылдары көзім нашар көре бастады. Тексерілген едім, дәрігерлер көздің ішкі торлы қабатының ажырауы деген диагноз қойды. Дереу ота жасау керек болып, Мәскеуге аттандым. Квотаны күтетіндей уақыт болмады, өйткені дертім асқынып бара жатыр екен. Мәскеуден оралған соң, 1-2 ай өткенде рецидив болып, осында – астанада екінші отаға кірдім. Бірақ кеш қимылдап қалыппын, көп өтпей оң жанарымнан айырылдым. Қазір онымен жарықты ғана ажырата аламын. Сол кезде ауруханада жатып, небір ойларға берілетінмін. Адамның басына үлкен іс түскенде, құндылықтар да өзгере бастайды ғой. Менде өзім сияқты дімкәс адамдарға, әсіресе балаларға көмектессем деген ниет пайда болды. Ең алғашқы қадамымды 2020 жылы жасадым. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кішкентайларға әлдебір жақсылық жасағым келіп, 10 күн бойы 10 шақырымнан жүгіруден қайырымдылық жарысын өткіздім. Қомақты қаражат жиналды. Бірақ ол кезде қор енді ғана ашылып жатқандықтан, көмекке мұқтаж отбасылар тізімі менде болмады, сондықтан «Бақытты шаңырақ» деген қорға жүгініп, сол жерден тұрмысы төмен отбасылардың тізімін сұрап, балаларға ойыншық алдым. Осындай кішігірім қадаммен қайырымдылық қорының жұмысын ақырындап бастап кеттім.

– Тағы қандай іс-шаралар ұйымдастырдыңыз? Ісіңіз ә дегеннен нәтиже берді ме?

– Одан соң сол жылы қала күніне орай Триатлон паркте 8 команданың қатысуымен мини-футболдан ересектер арасында қайырымдылық турнирін өткізіп, жиналған ақшаны тұрмысы төмен отбасыларға үлестірдім. Басқа да қайырымдылық қорларына жүгінетін отбасыларды да бақылап жүретінмін. Бір күні баласы қатерлі ісікке шалдыққан бір ананы көріп қалдым. Оған ақшалай көмектеспек ниетте әртүрлі қашықтықта онлайн-марафон ұйымдастырдым. Яғни қатысушылар кез келген өңірден қатыса беретін. Бұл марафоннан 200 мың теңгедей ақша түсті. Бірақ әу бастағы ниетімді жүзеге асырып үлгермедім: қатерлі ісікке шалдыққан бала қайтыс болып кетті. Бұл жайт мені сең соққандай күйге түсірді. Кейін әлгі қаражатты екі қызы ДЦП-мен ауыратын, Ташкентке емделуге бара жатқан басқа отбасыға аудардым. Ауқымды шаралар ұйымдастырмасам да, шамамның жеткенінше кішігірім жұмыстарды жалғастыра бердім: күзге қарай шахмат турнирін өткізіп, одан түскен ақшаға мұқтаж отбасы балаларына кеңсе тауарларын сыйладым, жаңа жылда 10-15 балаға мерекелік ертеңгілік ұйымдастырып беріп, тарту-таралғысын ұсындым. 8 наурызда волейболдан қыз балалар арасында волейболдан жарыс ұйымдастырдым. Жуырда ғарышкерлер күні қарсаңында мектептер мен балабақшалар арасында ерекше балалардың сурет сайысын өткізіп, қатысушылар мен жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс еттім. Былай қарасаң, бұл біреулер үшін көзге көрінбейтін, түкке тұрғысыз сайыс болып көрінер. Бірақ балалардың әр медальға, әр сыйлыққа шаттана қуанғанын көргенде, айналысып жүрген ісіңнің нағыз тәтті жемісі сол екенін түсінесің.

– Осылардың басы-қасында жалғыз өзіңіз жүресіз бе? Бір адамға бұл іс қиын соқпай ма? Не дегенмен негізгі жұмысыңыз, отбасыңыз бар дегендей...

– Әзірге жалғызбын, бірақ мұнымды міндетсінгім келмейді. Өйткені маған ешкім қайырымдылықпен айналыс деген шарт қойған жоқ, бұл – өзімнің жүрек қалауым. Әрине, жалғыз екендігім көбіне білініп тұрады: қасымда көмекшілерім немесе басқа да волонтерлер болса, іс-шараларды ұйымдастыру, өзге қорлармен ынтымақтастық орнату, қаражат жинау, демеушілерді тарту секілді шаруалар тезірек әрі тиімдірек жүрер еді. Тіпті өзге адамның «мынаны былай істесек ше?» деп идея бергенінің өзі не тұрады?!

– Демеушілерді тарту туралы айттыңыз. Сіздің қордың тұрақты демеушілері бар ма? Жалпы, ірі бизнес иелеріне, ұйымдарға, танымал азаматтарға көмек сұрап жүгініп көрдіңіз бе?

– Демеуші – халық. Сіз айтқандай, компанияларға барып көргенмін, бірақ олардың бәрі қордың тарихын сұрайды, өздеріне қандай жарнама жасайтынымды сұрайды. Әрине, ол кісілер бизнесте жүрген соң оны да жөнсіз деуге болмас. Бірақ мен әзірге тиімді жарнама жасайтындай үлкен деңгейдегі іс-шараларды өткізген жоқпын. Өйткені оларды көбіне ірі демеушілер барда жасауға болады. Қарапайым ғана мысал – футболдан турнир өткізу туралы айтсақ... Футбол өтетін алаңдардың бәрі ақылы, турнир 4-5 сағатқа созылса, мен жұрттан түскен қаражатқа сол алаңның ақысын төлеймін бе, әлде қайырымдылыққа аударам ба?! Әліміз жететін іс-шараларды ғана алып жүргенім сондықтан. Есесіне тұрақты түрде айналысамын. Демеушілерден әзірге бір-екі ойыншық дүкені бар, ал турнир-марафондарға медаль дайындауға осы іспен айналысатын компаниялар көмектеседі.

Қордың жұмысы өнімсіз болып, тауыңыз шағылған кездер есіңізде ме?

– Кейде болып тұрады. Бірде қайырымдылық акциясын ұйымдастырған болатынмын. Бірақ ешкім қатыспады. Еңсем қатты түскен. Сондайда жанымдағы адамдар «Артық жұмыстың саған не керегі бар? Жұмысың бар, бала-шағаң бар, тып-тыныш жүрмейсің бе?!» деп айтып та жатады. Бірақ олай қолды бір сілтей салғым келмейді. Мейлі, жалпақ жұртты бірдей жарылқамай-ақ қояйын, бірақ санаулы адам болса да сауабым тиіп, аяқтан тұруына сеп болып жатсам, болды емес пе, маған содан артық не қажет?!

– Басқа қорлардан көмек (мәселен, менторлық) сұрап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар ма?

– Иә, манағы айтқан «Бақытты шаңырақ» қоры қажет кезде аниматорлармен көмектеседі. Көмекке мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жинағанда да осы қордың деректеріне көп сүйенемін.

– Қазір біздің қоғамда халықтың қайырымдылыққа деген көзқарасы туралы не ойлайсыз? Көңіліңіз тола ма? Қайырымдылық мәдениеті қалыптасқан ба?

– Біздегі бір проблема – халықтың мұндай қорларға деген сенімі аз. «Жеп кетеді, бергеніміз жетер жеріне жетпей қалады, бөтеннің қалтасында кетеді» деген қорқыныш бар. Бірақ, соңғы жылдары байқағаным – бірте-бірте қайырымдылық мәдениеті қалыптасып, сенім де көбейіп келеді. Мұның себебі – қайырымдылық қорлары өз жұмысын барынша ашық жүргізетін болды. Ашықтық бар жерде сенім бар. Мен де әлеуметтік желідегі парақшаларымда немен айналысып, не ұйымдастырып жүргенімізді түгелдей жазып отырамын. Бәзбіреулер мұны жақтырмай, қайырымдылықты көрсетпей, жария қылмай жасау керек деп жатады. Бірақ қайта соны жариялау, насихаттау арқылы адамдарды да сол іске жақындатасың деп ойлаймын. Күнде көзбен көріп жүрген іс те тезірек әдетке айналады. Жақсылық жасау да солай.