E-HR жүйесі арқылы шамамен 4,4 млн еңбек шарты тіркелді
Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде қағаз құжаттаманы пайдалануды барынша азайту, сондай-ақ цифрлық кадрлық құжаттаманы дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.
Қойылған міндеттерді орындау бойынша негізгі құралдардың бірі E-HR жүйесі болып табылады. Ол 2018 жылдан бастап жұмыс істейді және жұмыс берушілерге өзінің кадр жүйесі немесе Электрондық еңбек биржасы арқылы өз қызметкерлерімен шарттарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, E-HR жүйесі қызметкерлердің электрондық жеке істерін автоматты түрде қалыптастырады және азаматтың келісімі бойынша әлеуетті жұмыс берушіге ақпарат береді.
Ағымдағы жылы біздің алдымызда E-HR жүйесінде еңбек шарттарының кемінде 90% -ын тіркеу міндеті тұр. Болашақта, 2023 жылы біз барлық жұмыс істейтін халықты қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
E-HR жүйесімен өңделетін ақпарат салалар бөлінісінде жалдамалы қызметкерлердің санын мониторингілеу, жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына салық төлемдері мен әлеуметтік аударымдарды жүзеге асыруы үшін пайдаланылады. Осылайша, еңбек қатынастары ашық бола бастайды, бұл жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға ықпал етеді.