Қазақстанда шынында да әрбір адам маңызды ма?
Халықаралық стандарттар мен жалпы қабылданған тәжірибеге сәйкес, халық санағы әр онжылдықта жүргізіледі. Бұл халық санағын өткізу мерзімдерінің салыстырмалылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, алдағы онжылдықтағы нәтижелерді қорытындылауға мүмкіндік береді. Соңғы санақ 2009 жылы болды, қазіргі санақ 2019 жылға жоспарланған, бірақ коронавирустық пандемия жағдайындағы белгісіздікке байланысты ол 2021 жылға ауыстырылды.
Жалпы, халық санағы үш кезеңнен тұрады: 2018-2020 жылдар аралығында өткен дайындық кезеңі, негізгі (2021 ж.) кезең және 2022-2023 жылдарға жоспарланған соңғы кезең. Ақпарат жинау алдында әдетте ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейін деректерді өңдеу және талдау, сондай-ақ, біріктірілген ақпаратты жариялау сынды аса маңызды зор жұмыс атқарылады.
28 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық статистика бюросы баспасөз қызметінің мәліметінше, халық санағы 18 663 838 адамды немесе халықтың 98,1 пайызын қамтыды. Яғни, 361 мыңға жуық адам немесе елдің 1,9 пайызы қамтылмай қалған. Дегенмен, тек 28 қазанда ғана 552 мыңнан астам адамнан сауалнама алынған, қалған 361 мың адамға сауалнама жүргізу – орындалатын тапсырма.
Облыстық тұрғыда ең жоғары қамту Алматы қаласында тіркелді – 108,9% немесе 2 183 534 адам. Ұқсас жағдай Жамбыл (102,2%), Алматы (102,1%), Түркістан (101,5%), Шығыс Қазақстан (101,1%) облыстарында және Шымкент қаласында (101,4%) қалыптасқан. Бірақ бұл ретте санақ әдістемесі аясында тұрақты тұрғындардан бөлек, санақ барысында елден уақытша кеткендер, сондай-ақ, елде болған резидент еместер сауалнамаға қатысқандығын түсіну маңызды.
Санақтың цифрлық форматы – сән бе әлде қажеттілік пе?
Соңғы екі жылда мемлекеттік процестерді жеделдетілген цифрландыруды ескере отырып, заманауи цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халық санағын өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл ең алдымен коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтады.
Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама жүргізу. Сайт өзіңіздің және сіздің отбасы мүшелеріңіздің санақтан өздігінен өтуі үшін тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бастапқы деректерді автоматты түрде енгізу мүмкіндігі бар, бұл сауалнаманы толтыру уақытын қысқартады әрі толтыру кезінде қателерді мүмкіндігінше болдырмайды. 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында онлайн санаққа қолжетімділік ашылды.
Екінші әдіс – 1 қазаннан 30 қазанға дейін онлайн санағын аяқтамаған сұхбаткерлер арасында жүргізілетін дәстүрлі үздіксіз халық санағы. Бұл ретте, сауалнама жүргізушілер кірістірілген арифметикалық және логикалық басқару элементтері бар электронды планшеттермен жабдықталған.
Және үшінші – 8 қарашаға дейін жалғасатын сұхбаткерлердің 10%-н бақылау мақсатымен аралау. Бұл қадам деректердің қамтылуы мен дәлдігін тексеру үшін қажет.
Осылайша, техникалық жағынан санақтың максималды қолжетімділігі, сондай-ақ, қателерді азайту, құпия деректердің сақталуы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Күтпеген, десе де мемлекет үшін маңызды сұрақтар
Ақпараттық жүйелерді кеңінен біріктіру, сонымен қатар, Govtech платформасын дамыту моделіне көшу болашақта тізілімдік санақ деп аталатын жұмысты, яғни әртүрлі ақпараттық жүйелердегі ақпаратты толассыз салыстыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, қазіргі уақытта әлеуметтік-демографиялық статистикадағы олқылықтардың орнын толтыру үшін ақпарат көзіне, яғни тікелей адамға «түгелдей» сауалнама жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, көлеңкелі экономиканың жоғары деңгейі халықтың нақты табысын бағалауға мүмкіндік бермейді. Бәлкім, болашақта жоспарланған кірістер мен мүлік туралы жалпы декларациялауды іске асыру нәтижелері осындай деректердің көзі ретінде қолданылатын болады. Екінші жағынан, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде жеке ақпарат болғанымен, егжей-тегжейлі жиналған деректер статистиканың өзектілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, дәлсіздіктер мен қателерді анықтауға мүмкіндік береді.
Сауалнамаға 87 сұрақ кіреді: 67 негізгі және 20 нақтылау сұрақтары. Алайда eGOV-пен интеграцияның есебінен іс жүзінде адам орта есеппен 50 сұраққа жауап береді.
Сұрақтарды құрастыру кезінде Ұлттық статистика бюросының мамандары халықаралық стандарттарды да, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің «сұр дақтарын» да басшылыққа алды.
Сонымен қатар, санақ барысында еуропалық санақшылардың халық және тұрғын үй санағын жүргізу жөніндегі конференциясының және БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобының ұсыныстары, сондай-ақ, ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитетінің материалдары назарға алынды. Жалпы, ағымдағы санақ мәселелеріне халықтың табысы, жұмыспен қамту, көші-қон мәселелері сияқты әлеуметтік-демографиялық процестерді зерттеуде мемлекетті қызықтыратын стандартты сауалдар, қазіргі күн тәртібінен туындаған мәселелер, атап айтқанда, індеттің халық табысына, этномәдени ерекшеліктеріне әсері сынды мәселелерге байланысты сұрақтар қамтылды.
Сұрақтардың жеке үлкен блогы халықтың денсаулығының параметрлеріне қатысты. Қазақстанда балалар мен сәбилер өлімі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Түрлі дереккөздерге сүйенсек, нәресте өлімі 1000 туылған баланың ішінде 6-дан 20 балаға дейін жетеді, бұл бізді Никарагуа, Өзбекстан, Эквадор, Самоа сияқты елдермен бір қатарға қояды. Сауалнаманың арнайы әзірленген сұрақтары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен нәресте өлімі (кәсібі/табыс деңгейі/тұрғылықты жері) арасындағы себептік байланысты қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл саясаткерлерге дұрыс және негізді экономикалық саясат шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда халық санағының нәтижелерін қолданудың бір ғана ықтимал жағдайы қарастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік және шаруашылық жоспарлаудың көптеген өзекті мәселелері бар: Еліміздің қай елді мекенінде қанша мектеп, балабақша, аурухана салу керек? Бір жылдан кейін, 5, 10 жылдан кейін халықтың жас және жыныстық құрылымы қандай болады? Қанша жұмыс орнын болжау керек? Мемлекеттiң әлеуметтiк мiндеттемелерiн орындауға бюджет шығыстары қандай болмақ? Азаматтардың жайлы өмiр сүруi үшiн қанша шаршы метр қажет?
Бұл ретте сауалнамаларды сапалы толтыру мәселесі аса маңызды болып отыр. Ұлттық халық санағына қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дамытуға елеулі әрі құнды үлес қосатынын анық түсіну керек.
Осылайша, бұл санақтың құндылығы оның елдегі нақты жағдайды білуге ғана емес, сонымен қатар, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірдің көптеген аспектілеріндегі жағдайды болжауға мүмкіндік беретіндігінде. Жалпыға бірдей қамтылуы мен ауқымды бағдарламасы арқасында халық санағы тұрғындар туралы жалпы ғана емес, сондай-ақ, әрбір әкімшілік-аумақтық бірлігі бойынша әртүрлі ақпараттың баламасыз көзі болып табылады.