00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

АҚШ-та қазақ тілін үйрету курстары ашылды

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
АҚШ-та қазақ тілін үйрету курстары ашылды

АҚШ астанасы Вашингтон және Вирджиния мен Мэриленд штатында тұратын қазақстандықтар үшін ана тілін үйрету курсы ашылды, деп хабарлады Elorda.info 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақ тілі сабағы аптасына бір рет балалар мен ересектерге өтіледі. Қазақ-американ қауымдастығы көптен бері жоспарлап жүрген жобасын жаңа жылдан бастап жүзеге асыра бастады.

АҚШ-та бірнеше жылдан бері тұратын Жанар балалардың ағылшын ортаға тез бейімделіп, ана тілін ұмыта бастағанын көріп жүр. «Ана бақыты» кітабының авторы ұрпағының ана тілін білмей, дүдәмал болып есейуінен қорқады. Бұл – мұхиттың ар жағына түрлі себеппен қоныс аударған қазақтардың көбінде бар қорқыныш. Балабақша, мектеп, құрбы-құрдасы ағылшынша, ата-анасы орысша сөйлейтін балалар түп-тамырынан тез алыстап жатыр.  

Балада жәймендеп тілі жоғала бастайды. Бала тек қазақша түсінетін жағдайда қалған. Енді шығарайын десе барлығы мидың ішінде қазақша, орысша, ағылшынша араласып кеткен. Соның барлығын көре жүріп жүрегіме қатты бататын. Егер тілді құртып алсақ ол қасірет. Қазақ тілін орыс тілділерге үйретумен шектелген. Қазақ тілін ағылшын тілі немесе өзге де шет тілін білетін адамдарға арналмаған. Ал бұл қазақ тілін ұмытып бара жатқан балалар тек Америкада ғана емес, ол әлем бойынша шет елдерде тұратын қазақтардың басындағы жағдай деп ойлаймын, – дейді қазақ тілін үйретуші ерікті Жанар Көбекбай.

Сол үшін Қазақ-американ қауымдастығының ұйымдастыруымен қазақ тілі курсы ашылды. Жанар балаларды қызықтыру үшін сабақты үш бағытта беріп жатқанын айтады. Сөйлеу дағдысы, грамматика және елтану деп өткізеді. Оқу-әдістемелік құралды да балалардың деңгейіне қарай өзі құрастырған. Өйткені қазақша үйрететін кітаптардың мазмұны мен тапсырмасы тым қиын деп отыр.

Ана тілімізді сақтау өте қиынға түсе бастады. Осы қазақ курсы ашылғанда біз бірден келдік, қатты қуандық, – дейді Розлана Алтынбекова есімді ата-ана. 

Әзірге балалар қазақша әріптерді дыбыстап, қарапайым сөздерді меңгеріп жатыр. Мұғалім Наурыз мерекесіне қарай бір-бір өлең жаттатуды мақсат етіп отыр. Курс аптасына бір рет өтеді.