Президент: АҚШ – Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі

Мемлекет басшысы мен АҚШ Сауда министрі Говард Латник екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең көлемді мәселелерін қарастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Америка Құрама Штаттарымен ықпалдастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. АҚШ еліміздің негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі саналады.
Президент Қазақстанда шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Мемлекет басшысы елімізде америкалық бизнес үшін энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы салаларында үлкен мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Говард Латник Құрама Штаттардың Қазақстанмен сауда-экономикалық, индустриалдық, көлік-логистикалық және инвестициялық салаларда бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға қызығушылық танытатынына тоқталды.



