Шекарада ерте пісетін көкөністерге арналған «жасыл дәліз» ашылады

Бүгін, 17:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Шекарада ерте пісетін көкөністерге арналған «жасыл дәліз» ашылады
Фото: primeminister.kz

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы мен ерте пісетін көкөністерді жеткізуге қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, өткен аптада ӘМАТ бағасының индексі 0,4% болды. Бағаның негізгі өсімі сиыр еті мен көкөністерге тиесілі. Сондай-ақ  күріш пен жұмыртқа 0,3%, рожки мен қарақұмық  бағасы 0,1% арзандады.

Сиыр еті бағасының қымбаттауына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша өнім  жыл басынан 11,9%-ға қымбаттаған.  Осы өнім түріне  баға өсімін тежеу мақсатында сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия елден ірі қара малды әкетуге үш айға уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 28 сәуірге 25,6 мың тонна ерте пісетін көкөніс жеткізуге келісімшарттар  жасалды, бұл  11,1 мың тонна картоп, 4,7 мың тонна сәбіз, 4,3 мың тонна пияз және 5,4 мың тонна қырыққабат.

Оңтүстік өңірлер әкімдіктерінің ақпараты бойынша, биылғы маусымда ерте пісетін көкөністердің өнімі мол болады деп күтіліп отыр. Өнімнің негізгі көлемі Түркістан облысына тиесілі.  Болжамға сәйкес, картоп көлемі 216,6 мың тонна, сәбіз – 41,5 мың тонна, пияз – 87,5 мың тонна, қырыққабат – 228,9 мың тонна деңгейінде күтілуде. Түркістан облысында 17,5 мың тонна қырыққабат жиналып, оның 1,3 мың тоннасы экспортталды. Сонымен қатар Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында форвардтық келісімшарттар аясында ерте піскен ақ қырыққабатты жеткізу басталды. Ішкі нарықты өніммен толтыру мақсатында жыл басынан бері 80 мың тонна  картоп пен  30 мың тонна қырыққабат импортталды.

Жиында тасымал кезінде импорттық өнімнің бағасы қалай өзгеретіні қаралды. Шекарада кідірістердің алдын алу үшін көкөністерге маусым айының соңына дейін «жасыл дәліз» енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл өнім жеткізуді жеделдетуге, логистикалық шығындарды азайтуға, нәтижесінде ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.