2030 жылға қарай елімізде газдандыру деңгейі 65%-ға жетеді: премьер-министр


Бүгінгі таңда еліміз бойынша газдандыру деңгейі 62,4 пайызды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдетіп іске асыру бұл өнімнің қосылған құнын арттырып, газ импортына тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ жанама салалардағы өндірісті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда еліміз бойынша газдандыру деңгейі шамамен 62,4 % құрайды.
Газдандырудың бас схемасына сәйкес 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісі және «Талдықорған-Үшарал» газ құбырлары секілді жобалар іске асырылып жатыр. Оларды үнемі бақылауда ұстау қажет», - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы осы бағытта бірнеше негізгі міндеттерге тоқталды.
«Біріншіден, Энергетика мниистрлігі «QazaqGaz», «ҚазМұнайГаз» компанияларымен бірлесіп, 1 маусымға қарай Үкіметке жаңа газ кең орындарын дамыту және игеру жөнінде ұсыныстар енгізсін. Сондай-ақ өнеркәсіп министрлігіне энергетика министрлігімен бірлесіп, осы жылғы тамыз айының соңына дейін жер қойнауын пайдаланудың бірвңғай плтаформасын іске қосуды тапсырамын. Екінші, «Самұрық Қазына» қоры Қашаған мен Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыттарының құрылысын уақытылы аяқтауды ерекше бақылауға алсын. Энергетика министрлігі осы жылдың үшінші тоқсанында Қара Шығанақ газ өңдеу зауыты бойынша инвестициядлық шешім қабылдауды қамтамсыз етсін.», - деді Үкімет басшысы.



