«Астана» медресе-колледжіне жаңа директор тағайындалды

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен «Астана» медресе-колледжінің директоры қызметіне Қанат Оңғарбаев тағайындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа басшыны ұжымға Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков таныстырып, жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім барысында С.Сейітбеков бұған дейін аталмыш оқу ордасында 2020 жылдан бері директорлық қызметті атқарып келген Бақтыбай Бейсенбаевқа осынау жылдар аралығында шәкірт тәрбиелеу жолындағы атқарған қажырлы қызметі үшін алғыс айтты. Бас мүфти атынан алғыс хат табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Қанат Оңғарбаев – «Нұр-Мүбәрак» университетінің «Исламтану және араб тілі» мамандығы бойынша түлегі. Сондай-ақ аталған оқу орнында «Исламтану» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған.
Қатар мемлекеті, Доха қаласындағы «Хамад бин Халифа» университетінде білім жетілдіру тәжірибесінен өткен.
Өзінің еңбек жолын Батыс Қазақстан облысы Орал орталық мешітінде наиб имам болып бастаған. Кейін ҚР Әділет министрлігінде діни сарапшы, «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының» маманы, қор директоры қызметтерін атқарған. Соңғы жылдары «Астана» медресе-колледжінде директордың бірінші орынбасары қызметін атқарды.