00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Парижде Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Парижде Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігінен

Парижде XVII жазғы Паралимпиаданың шымылдығы ресми түрде түрілді. Салтанатты іс-шара Францияның Келісім алаңында өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Ашылу салтанатында Қазақстан туын волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мүшесі Берік Ізмағанбетов пен пара нысана көздеуден Севда Әлиева ұстап шықты.

Жазғы Паралимпиада бәсекесі Франция астанасында алғаш рет өткізіліп отыр. Жарысқа 4 400-ден астам спортшы қатысады. Оларға 2 500 адам көмектеседі. Сайыс бағдарламасына 22 спорт түрі мен 549 дисциплина енген. Ал ойындар 11 күнге жалғасады. Биылғы бағдарламаға жаңа спорт түрлері қосылмаған. Алайда Токио-2020 ойындарының бағдарламасына енген парабадминтон қайта ұсынылып отыр.

Париждегі Паралимпиадаға Қазақстан құрамасынан 44 спортшы сынға түседі. Бұл – ел тарихындағы рекордты көрсеткіш. Токио-2020 ойындарында ел намысын 26 спортшы қорғаған болатын. Ел спортшылары ойындарға 1996 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

Биылғы Паралимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 9 спорт түрінен (парадзюдо, парапауэрлифтинг, паратаэквондо, пара жеңіл атлетика, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, паражүзу, параканоэ және волейболды отырып ойнау) сынға түседі. Осы жылы қазақстандық спортшылар пара үстел теннисінен және әйелдер арасында параканоэден алғаш рет Паралимпиада лицензиясын жеңіп алды.

Ел спортшылары бүгіннен бастап жарыс жолына шығады. 29 тамызда Милана Красавцева паратаэквондодан өнер көрсетеді, ал кешке волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Франциямен шеберлік байқасады.