00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Пара жеңіл атлетикадағы жүлде әлем чемпионатындағы тарихи жетістік

14 шілде, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Пара жеңіл атлетикадағы жүлде әлем чемпионатындағы тарихи жетістік
Фото: kazparalympics

Пара жеңіл атлетикадан Францияда өтіп жатқан әлем чемпионатында ядро лақтыру бәсекесінде сынға түскен 33 жастағы отандасымыз Дастан Мұқашбеков қола жүлдегер атанды. Осы орайда Elorda info тілшісі Францияда жүрген жерлесімізбен телефон арқылы байланысқа шықты.

- Әлем чемпионатындағы қола жүлдеңіз құтты болсын! Өз әсеріңізбен бөліссеңіз?

Францияда өтіп жатқан әлем чемпионатына Қазақстан атынан Ислам Салимов, Салтанат Әбілқасымқызы үшеуміз қатысып жатырмыз. Кеше Ғ36 санатында ядро лақтыру сайысында бәсекеге түсіп, 3-орынға ие болдым. Нәтижесінде 2024 жылы өтетін Париж Паралимпиадасына жолдама бұйырды. Көрсеткішіме көңілім толады. Себебі, бұған дейін кішігірім жарақаттарым болды. Алда Азия ойындары, Париж Паралимпиадасы бар. Бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземін деп ойлаймын. Сол үшін барымды саламын.

Неге еліміздің атынан 3 қана спортшы әлем чемпионатына қатысып жатыр? Бұл спорт елімізде дамымаған ба? 

Пара жеңіл атлетика еліміздің көптеген өңірінде қолға алынған. Дәстүрлі түрде ел чемпионаты да өткізіледі. Тек әлем чемпионатына Париж Паралимпиадасына жолдама алуға қауқары бар спортшыларды жарысқа қосуға шешім қабылданды. 

F36 деген санат нені білдіреді? 

Денсаулығына байланысты 2 аяғы мен 2 қолы да қалыпты жұмыс істемейтіндерді осы санатқа кіргізеді.

Сіз бұған дейін Токио Паралимпиадасына қатысып, 6-орынға табан тірепсіз. Содан бері көрсеткішіңіз де өсіпті? 

Иә, 2021 жылы Токио Паралимпиадасында F36 санатында ядро лақтырудан алғаш рет сынға түстім. Бәлкім, тәжірибе жетіспегендіктен болар, нәтиже көңіл көншітпеді. Одан бері техникамды өзгертіп, психологиямен жұмыс істедім. Көріп отырғаныңыздай, алға жылжу байқалады. 

Паралимпиада деген сәтте есімізге бұған дейін жүлде бұйырған паражүзу, парадзюдо, парапауэрлифтинг есімізге түседі. Ал пара жеңіл атлетикадан еліміз атнан бұған дейін спортшылар Паралимпиадада өнер көрсеткен бе? 

2000 жылы Сидней Паралимпиадасында Нұралы Құлышов алғаш рет пара жеңіл атлетикадан жарысқа қатысты. 2004 жылы Афина Паралимпиадасында 6 спортшы, 2008 жылы — 1 спортшы, 2012 жылы — 3 спортшы, 2016 жылы — 1 спортшы, 2021 жылы — 2 спортшы жүлдеге таласты. Өкінішке орай, жүлде бұйырмаған соң, ол жайлы көп айтыла бермейді.

Пара жеңіл атлетикада ядро лақтырудан бөлек, басқа қандай түрлерімен айналысасыз? 

Ел ішінде найза, диск лақтыру сынды жаттығу түрлерімен шұғылданамын. Бірақ халықаралық жарыстарда тек ядро лақтыру сайысында күш сынасамын. Өйткені найза, диск лақтыру сайыстары менің санатыма келіңкіремейді. 

Бала кезіңізде өзге спорт түрлеріне бардыңыз ба? 

Бала кезімнен спортты жаныма серік етіп келемін. Оның ішіне футбол, бокс, велоспорт, күрес кіреді. Бірақ денсаулығыма қатысты айтарлықтай жетістіктерге жете алмадым. Есейе келе, елімізде параспорттың бар екендігін естідім. 

Ал пара жеңіл атлетикаға қалай келдіңіз? 

2016 жылы алғашында парапауэрлифтингке жазылмақшы болдым. Әттеген-айы, ол спортта менің санатым жоқ екен. Сол сәтте пара жеңіл атлетиканың бапкері маған жүгіруде бағымды сынауға шақырды. Алғашында жүгіріп, кейіннен диск, ядро лақтыру сайыстарында өзгелермен сайыса алатындығымды түсіндім.

Жеңіл атлетикада Кения, Эфиопия, АҚШ, Ямайка сынды елдер үнемі фавориттің қатарында жүреді. Пара жеңіл атлетикада да нақты фавориттер бола ма?

Бұл жерде де фавориттер бар. Әлем чемпионатының жүлде кестесіне көз жүгіртсеңіз, Қытай, АҚШ, Бразилия, Тунис т.б мемлекеттер үнемі көшбасында жүреді. 

Сұхбатыңызға рақмет! 

                                                                                                              Қанат БАЙҰЗАҚОВ