Қолжетімді спорт: Астана тұрғындары тегін спорт секцияларына қатыса алады
Елорда тұрғындары үшін «Қолжетімді спорт» жобасы өз жұмысын бастады. Осы орайда тегін спорт секциялары жайында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева Elorda.info сайтына тарқатып айтты.
«Қолжетімді спорт» жобасы жайында айтып өтсеңіз?
13 қараша – 31 желтоқсан күндері аралығында Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен «Қолжетімді спорт» жобасын өз қызметін атқарады. Бұл кез келген қала тұрғынына аптасына 2 мәрте 5 түрлі спорт секциясына тегін қатысуға мүмкіндік береді. 2022 жылдың сәуір айынан бастап жоба Қазақстанның 7 қаласында өз есігін қайта ашты. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Петропавл, Ақтау және Талдықорған қалалары.
Қандай спорт түрлері бар? Бұндай бастама Астанада алғаш рет өткелі жатыр ма?
«Қолжетімді спорт» 2021 жылы қазан айының басында алғаш рет елордамыздан бастау алды. Ол сәтте 6 саябақ пен 2 гүлзарда жүгіру, каратэ, скандинавиялық жүріс, асық ату, стритбол, бадминтон, фитнес, зумба спорт түрлерін қамтып, аптасына 3 мәрте өткізілді.
Биылғы ерекшелігі – әр азамат 5 түрлі спорттан (үстел теннисі, скандинавиялық жүріс, жүгіру, каратэ және фитнес) өз қабілетін шыңдай алады. Аптасына 2 рет өткізіледі. Толыққанды мәліметтерді Instagram-да @dostupnyi_sportkz және Telegram каналында @dostupnyi_sportkz парақшасынан білуіңізге болады. Сондай-ақ 87076184343 нөмірі арқылы WhatsApp-қа жазу арқылы сұрауыңызға болады.
Жобаның өмірге келуіне не әсер етті?
2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін іске асыру аясында әзірленді. Бағдарламалық құжатта Президент дене шынықтыруды дамытуға ерекше назар аударып, бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Одан бөлек коронавирус эпидемиясы да халықтың қаншалықты деңгейде спортпен айналысатынын айқындап берді.
Тұрғындардың қай спорт түріне қызығушылығы жоғары?
2021 жылы 20 мыңға жуық тұрғын осы жоба аясында спортпен шұғылданды. Оның ішінде скандинавиялық жүріске деген сұраныс өте жоғары. Себебі, бұл спортпен көбінесе егде жастағы азаматтар айналысады. Бұған уақыт пен жас ерекшеліктері де өз әсерін тигізеді. Мысалы, скандинавиялық жүріс, фитнес, каратэ спорттары таңертең өтсе, үстел теннисі мен жүгіру кешкі уақытқа жоспарланған.
Скандинавиялық жүріс – жасқа қарамайды;
Каратэ – 7-10 жас аралығындағы балаларға;
Жүгіру – 18 жастан асқан азаматтарға;
Үстел теннисі – 18 жастан асқан азаматтар (алдын ала жазылуы тиіс);
Фитнес – 18 жастан асқан азаматтарға.
2021 жылдан кейін неге 1 жылдық үзіліс болды?
«Қолжетімді спорттан» бөлек, «Aula fit» жобасы да бар. Ол жерде де бірнеше аулада тұрғындар жазғы және қысқы мезгілде бірнеше спортпен айналысты. Сондықтан, қос жобаны қатар өткізуді жөн көрмедік. Дегенмен біз бұлармен шектеліп қалмаймыз. Бұқаралық спорттық іс-шараларды әр сенбі-жексенбі күндері ұйымдастыруға тырысамыз. Жазда жүгіру сынды спорттар өтсе, қыста мұз айдында сырғанау т.б. спорттар қамтылады.
Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ