Несіп Жүнісбайұлы: Футбол – ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтын өнер

20 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Несіп Жүнісбайұлы: Футбол – ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтын өнер
Фото: dailysabah.com

Спорт журналистикасының ардагері, кезінде 11 Олимпиадалық ойын, футболдан 5 әлем чемпионатын, жүздеген әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарына куә болып, осы тақырыпқа 30-ға тарта кітап жазған Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ ағамыз бүгіннен бастап Elordainfo.kz сайтында спорт, футбол тақырыбында шолушы болатын болды. Бүгін Несіп ағамыздың бірінші мақаласын жариялаймыз.

ФУТБОЛ – АҚЫЛДАҒЫНЫ АЯҚҚА ТҮСІРІП ОЙНАЙТЫН ӨНЕР

...Мен футбол жайлы бұл қанатты сөзімді сонау өткен ғасырдың бітуіне екі жыл қалғанда футболдан Францияда өткен әлем чемпионатынан мол әсермен оралған кезде қанатымды қағып отырып айтқан едім. Сол пікірімнен бүгін де танған жоқпын. Бүкіл әлемнің аузын аштырып, көзін жұмғызған футбол өнері жыл сайын сиқырына сиқыр қосып, адамзат баласын арбаған үстіне арбай түсуде.

Футболды тек аяқпен доп тебу дегендер қатты қателеседі! ...Бұл жайлы әркімнен естіп жүрген ертегіміз аз емес қой. Естігенді емес, көргенді айтайын. Сонау 1982-1986 жылдары Испания мен Мексикада өткен әлемдік футбол тойына тұңғыш рет куә боп оралған соң футболға арбалғаным сонша, кіші ұлды сүйрегендей қылып апарып, Алматыдағы футбол мектебіне бердім. Бастығына тапсырдым, бапкерін арқадан қақтым, сөздің қысқасы, бар жағдайды жасадым. Содан жыл өтті, бала есейді, буыны бекіді, зіңгіттей жігіт болды, бірақ бірде-бір футбол командасына алына қоймады. Бірде бапкеріне жолықтым. «Аға, - деді бапкер, -балаңыздың құлшынысы да, дене күш-қуаты да жақсы, тек «басы» жоқ. Онсыз бүгінгі футболда ойып орын алу мүмкін емес!». Түсіндім. Футболдың тек дене күшіне негізделіп, жер жыртқандай жүгіріп-секірушілердің өнері болудан қалып, ақылды, ойлы ойыншылардың өнеріне айналғанына дау жоқ еді. ...Ол кезде ел спортында айтқаным жүріп, сөзім жерде қалмайтын болса да, еш командаға қолқа салып, баламды алғызбадым. «Басың жетпейтін жерге аяғыңды салма» дегенді сол кезде-ақ білетінмін.

Бүгінгі футбол шын мәнінде адам ақылының жемісі – баспен ойлап, аяқпен соны іске асыратын асыл да қымбат өнер. Болмаса, бір футболшыны командасына шақырып алуға 200-300 миллион доллар берудің себебін ешкім түсінбес еді. Криштиану Роналду, Леонель Месси секілді футболшылардың апталық (!) айлығы 250-300 мың еуро десем, ауыз ашылып, көз жұмылмай ма?! Сол Криштиану Роналдудың тек қана футбол тебумен МИЛЛИАРД доллар жинаған тұңғыш адам екенінің өзі ғажап ертегі емес пе?! Және де бұл ақшаның көптігінен, оны жұмсайтын жер таппай шашудан болып жатқан әрекеттер емес. Бір футболшыға осынша ақша шашқан командалар, сол футболшыны сатып алу арқылы стадионына жанкүйерлерді бұрынғыдар он есе, жүз есе көп жинауды жоспарлайды, жоспарларын іске асырады, сол арқылы оған жұмсаған ақшасын еселеп қайтарады! Бүгінгі Еуропа, Араб елдері, Американың футбол топтарындағы жұмсалған бума-бума ақшалар еселеніп иелеріне қайтып жатқанына дау жоқ. Әрине, ақшаны абырой, атақ үшін шашу да болмай жатқан жоқ. Бірақ ақшадан ақша жасау өнері бұл ғасырда гүлдеп-ақ тұр. Ал, футбол, айтқан сөзге сенсек, әлемдегі төртінші бизнес екен! 

Футбол – әлем халқының жеңсік асы болғаны болған. Бүгінде адам біткен ас ішпесе де футбол көреді. Бүгінде адам киім кимесе де футбол көреді. Бүгінде адам дем алып, ұйықтамаса да футбол көреді. Соның бірі өзіммін…  

Футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанатын бір сәтте 4 миллиард адамның тамашалайтыны осыған дәлел. Мұндай бір сәттік ұлы аудиторияны өнердің бірде-бірінен таппайсыз. Футболдың әлемдік тойларына ел-елдің президенттері келіп, балаша қуанып, балаша секіріп, балаша жылап отыратыны сол құдіреттің әсері. Ағылшындар ойлап тапты дейтін бұл өнердің жұмыр жерге кең тарағаны сонша, бүгінде жейтін наны жоқ кедей елдің әр баласында бір-бір футбол добы бар.

Әлем халқының ортақ махаббатына айналған өнердің күнгейі мен көлеңкесі тең боп тұрады. Футболды көруден бастап, чемпиондық атақты жеңіп алу оқиғасы тұтас елге той саналса, футболдағы сәтсіздік әкесі өлгеннен ауыр соғып жататыны да рас. Чемпионаттарға бара алмай, теледидардан көріп отырған футболында өз елінің командасы ұтылып қалғанда, күйгенінен жазығы жоқ теледидарын жұлып алып, терезеден сыртқа атып жібергенде, қара тастай ауыр теледидары үй жанына қоя салған өз мәшинесінің төбесін тесіп кеткен оқиғаның болғанына өзім куәмін. Ал, командасы әлем чемпионатында екіншісінен жеңіліп, соған кінәлі-ау деген қорғаушыны еліне оралған соң арнайы барып, атып өлтірген солақайлық та сол футболға арбалғаннан болған басбұзарлық емей немене?! Айта берсе ондай оқиға орасан көп. Әрине, біз оның жаманын сыпырып тастап, жақсысына жолайық. Ал, бүгінгі футболдың жақсы мысалдары көп-ақ. Соның бірі немесе бірегейі – футболдан Еуропа құрылығында өтетін Еуропа ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ.

                       ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ: ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ

Еуропа футболындағы ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ атты жарыс сонау өткен ғасырдың ортасынан бері өткізіліп келе жатқан жарыс. Ол жылдар өте өзгеріп, жаңарып отырды. Міне, 2024-25 жылдарғы Чемпиондар лигасының бәсекелері де жаңаша басталды. Бұрын әр елдің чемпиондары қатысатын жарыста үш турлық іріктеу жарыстары өтіп, одан соң топтық бәсекелер басталатын. Бұл жолғы жарысты УЕФА басқаша ұйымдастырды. Бұл Чемпиондар лигасы жарысына 36 команда таңдап алынды. Олар шартты түрде төрт қазанға салынып, сол төрт қазаннан әр команда үшін екі командадан таңдап алынды. Есебінде әлгі 36 команда сегіз-сегізден кездесу өткізді. Оның төртеуін өз алаңдарында, төртеуін сыртта ойнады. Мұнан соң, алғашқы 8 орын алған команда 1\8 финалға тікелей жолдама алды да олардан соңғы 16 команданы бір-бірімен шекелестіріп, ұтқан сегізін әлгі үздік сегіздікпен шайқастырды.   

Бұл «жаңалықтың» бас-аяғын түсіндіру өте қиын. Жаңалықтың өзі де тым қуанып көрсететіндей жақсы емес. Бұрынғы жүйе бойынша мықтылар жарыс соңына қарай іріктеліп, болатын қызықтың жалыны лаулап тұрушы еді, бұл жолғы кездейсоқтық көп орын алған жүйеде әлгі 36 команданың маңдай алды болған ағылшынның «Ливерпуль», кешелері ғана Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған «Манчестер сити» секілді командалары далада қалды. 

Фото: uefa.com

11-12 наурыз күндері чемпиондар лигасы 1/8 финалының қарымта ойындары өтті.

Нәтижесінде турнирдің ширек финалына шыққан командалар толық анықталды.

1/8 финал:

«Барселона» – «Бенфика» – 3:1 (қос ойынның қорытындысы – 4:1);

«Байер» – «Бавария» – 0:2 (қос ойынның қорытындысы – 0:5);

«Интер» – «Фейеноорд» – 2:1 (қос ойынның қорытындысы – 4:1);

«Ливерпуль» – «ПСЖ» – 0:1 (қос ойынның қорытындысы – 1:1, 1:4 пен.);

«Атлетико» Мадрид – «Реал» Мадрид – 1:0 (қос ойынның қорытындысы – 2:2, 2:4 пен.);

«Астон Вилла» – «Брюгге» – 3:0 (қос ойынның қорытындысы – 6:1);

«Арсенал» – «ПСВ Эйндховен» – 2:2 (қос ойынның қорытындысы – 9:3);

«Лилль» – «Боруссия» Дортмунд – 1:2 (қос ойынның қорытындысы – 2:3).

Ширек финалдағы жұптар:

«Астон Вилла» – «ПСЖ»;

«Арсенал» – «Реал»;

«Бавария» – «Интер»;

«Барселона» – «Боруссия».

Чемпиондар лигасы ширек финалының бірінші ойындары 8 сәуірде, қарымта кездесулер 15 сәуірде өтеді.

Еуропаның басты клубтық турнирінің финалы 31 мамырда Мюнхенде өтеді. 

Әрине, футболда біреуі жеңеді, біреуі жеңіледі. Бірақ жарысты ұйымдастырушылар Еуропа, Азия, әлем чемпионаттарында күшті командалардың жарыс соңына жетіп, бас жүлденің таласына түсуіне мақұл болатыны жасырын емес. Сондықтан да биылғы жаңалық мұнан ары жалғаса ма, мен үшін түсініксіз. Осы Чемпиондар лигасының жарысы аяқталған соң УЕФА-дағы ақылды бастар жиналып алып, ЧЛ өткізу жүйесін бұрынғыдай етсе де таң қалмаймын. Қалай болғанда да УЕФА ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ секілді құрлықтық біріншіліктен кем емес жарысты жаңалық іздеп, берекесін кетірмей, өзінің бояуы қанық бұрынғы жүйесіне оралтуды қолдар едім өз басым.

...Қазақстан футболын ұмытып кеткен жоқпын. Біздің командалар ол үздіктер қатарында жоқ. Егер де мына жүйе өзгермесе, біздің командаларға Чемпиондар лигасының жарысына жарып шыға алу қиын-ақ. Бұрынғыша үш іріктеу турынан соң командалар топтық кезеңге бөлінетін кезде сол көшке бірер командамыздың тырнағы ілініп қалатын жағдай келмеске кеткендей. Жалпы Азиядағы мемлекет біздің футбол командаларымыз Еуропада «адасып» неғып жүр деген сұрақ та заңды. Ол жайлы келесі шолуымызды 2026 жылғы әлемдік футбол жарысына арнаған кезде кеңінен әңгімелерміз.