00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ұлы дала жорығы-2024» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

«Ұлы дала жорығы-2024» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары анықталды
Фото: ultsport.kz

Астанада AMANAT партиясының қолдауымен көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» кең ауқымды республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы өз мәресіне жетті, деп хабарлады Elorda.info.

Жарысты AMANAT партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және оның құрамына кіретін «JORYQ» ат спорты федерациясы ұйымдастырды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай және Қазыбек Әлішев қатысты.

AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек соңғы уақытта қоғамның ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығы арта түскенін атап өтті.

Өздеріңізге мәлім, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгеcін Мемлекет басшысы назарында ұстап, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Күні кеше AMANAT партиясы фракциясының депутаттары көтерген қазақ жылқыларының тұқымын сақтау және молайту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осы арқылы мемлекет асыл тұқымды жылқыларымызды қорғау үшін бар жағдайды жасайтын болады, – деді ол.

Сонымен, бес күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша мәре сызығын бірінші болып Жетісу облысының командасы кесіп өтті, жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секундты құрады. Екінші орын Маңғыстау облысының шабандоздарына (33 сағат 05 мин. 30 сек.), үшінші орын Алматы қаласының командасына (33 сағат 31 мин. 08 сек.) бұйырды. Төртінші орынды Жамбыл облысының құрамасы (34 сағат 22 мин. 03 сек.), бесінші орынды Астана қаласының командасы (37 сағат 10 мин. 32 сек) иеленді. 

Үшінші маусымда 500 шақырымды еңсерген келесі шабандоздар үздік атанды: Жетісу облысынан Ералы Мәулетхан (32 сағат 24 мин. 42 сек), Қостанай облысынан Әлихан Мұхамбетов (32 сағат 32 мин. 08 сек), сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының екі шабандозы – Әбіш Етреков (34 сағат 01 мин. 37 сек) және Дулат Жұмашов (34 сағат 53 мин. 37 сек).

Биыл Павлодар-Астана бағытындағы марафон-бәйгеге барлығы 19 команда қатысқанымен, олардың тек 11-і ғана жарыс қашықтығын толып жүріп өте алды.

Бүгінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі тек дүбірлі додаға ғана емес, сонымен қатар көшпенділер мәдениетін ілгерілетудің бірегей жобасына айналды. Қыркүйек айында шабандоздарымызды жаңа жарыс күтіп тұр. Олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында халықаралық марафонға қатысады. Бұл – бүкіл әлемге шабандоздарымыздың ептілігі мен шеберлігін, сондай-ақ қазақ жылқыларының төзімділігін көрсетудің тамаша мүмкіндігі, – деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Алғашқы үш жүлдегер команда 2-7 қыркүйек аралығында өтетін «Ұлы дала жорығы» күзгі халықаралық марафонына лицензия алады.