00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде алты команда қалды

18 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде алты команда қалды
Фото: joryq.kz

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Жаңақорғанда аяқталды, деп хабарлады Elorda.info.

12 кезең қорытындысы бойынша Жетісу облысының командасы алғаш рет жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып, ал Түркістан облысының командасы үшінші болып кесіп өтті. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1 150 шақырымы артта қалды.

Сонымен қатар, бұл кезеңде былтырғы жарыста жеңімпаз болған әрі 11 кезең бойы көш бойы алда келген – маңғыстаулық «Көкмойнақ», елорда шабандоздары мен Қарағанды облысының командасы аттарының болдыруына байланысты жорықты тоқтатты.  

Жоба ұйымдастырушыларының бірі Серік Абжанов 1 150 шақырымды еңсеру сәйгүліктер мен шабандаздарға оңай болмағанын айтты.

Маңғыстау облысының командасында тиесілі 2 бірдей аттың сырғалығы тайды. Әрі қарай жылқының жағдайын ойлаған шабандоздар жорықты тоқтатты. Артынша Астана қаласы мен Қарағанды облысының командасы қатардан шығып қалды. Алдымызда 150 шақырым тұр. Бұл жорықта азаматтардың бір-біріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы, қажыған сәтте бір-біріне дем беретін ер мінездері байқалды. «Ұлы дала жорығы» – қазанат пен азаматтың ерлігін көрсететін жер, - деді ол.

Алда 2 кезең, яғни 150 шақырым қалды. 6 команда таңғы сағат 7:00-де алғашқы 50 шақырымды еңсеруге аттанды. Түстен кейін 13-ші кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 1 250-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.

Айта кетейік, Сыр елінен өтіп, ер түріктің бесігі Түркістанға бет алатын 1 300 шақырымдық марафон-бәйгенің жеңімпаздары 19 қыркүйекте белгілі болады.