00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Ұлы Дала Жорығы-2023» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды

19 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Ұлы Дала Жорығы-2023» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды
фото: Elordainfo

Бүгін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 14-кезеңі аяқталып, тарлан тарихтың куәгері болған, руханияты жаңғырған еліміздің рухани астанасы Түркістан төрінде жеңімпаздар анықталды, деп хабарлады Elorda.info

Таңғы сағат 7:00-ден бастап соңғы 50 шақырымды еңсеруге аттанған 4 команда ішінде Жетісу облысының командасы топ жарып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Он төртінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 43 секунд;

Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 37 секунд;

Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 57 секунд;

Абай облысы – 112 сағат 12 минут 46 секунд.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатына ҚР Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов пен «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков арнайы қатысты.

 

«Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон бәйге. Былтыр басталған бұл жобаның ауқымы кеңейіп, ел ішінде кеңінен қолдау табуда. Келер ұрпаққа қасиетті ат ұстау мен бәйге өнерін жеткізу аса жауапты борыш. Бүгінгі іс-шара осы жолда атқарылып жатқан нақты істің бірі. Өйткені ол қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлттық болмысымызды сақтаудың бір жолы.

Сол себептен де Ұлттық спорт қауымдастығы 2 жыл қатарынан «Ұлы дала жорығы» жобасына серіктес болып, қолдап келеді. 

Бүгінде президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  тікелей назарының арқасында  ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы келер  жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына да айрықша назар салып отыр. 

«Ұлы дала жорығына» қатысқан шабандоздар көшпенділер ойынында олжа салады деген сенімдемін, - деді жнңімпаздарды құттықтау сөзінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен Жетісу облысының командасы бас жүлде – 18 000 000 теңге (Регламентке сай) көлеміндегі жүлдемен марапатталды. Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен, мәреге 4-ші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілді. 

Сонымен қатар, бұл кезеңде Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады. «Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.

 

Мәреге жетісулық шабандоз екінші болып келсе, артынша астаналық шабандоз жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын орындады. 1300 шақырымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін 2,5 миллион теңге, 2-орынға - 2 миллион теңге, 3-орынға - 1,5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алды.

«Рекорд» командасының нәтижесіне тоқталсақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 100 сағат 04 минут 34 секундта еңсерді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уақыты 104 сағат 28 минут 11 секунд. 

Сонымен бірге, командасы жарыстан шығып қалса да, жорықты өз еркімен жалғастырып, 1300 шақырымды жеке дара бағындырған 10 шабандоздың әрқайсысына төрешілер шешімімен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық берілді.

Екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1 300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер «Ең үздік жанкүйер» номинациясын белгіліп, 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындалды.  Маңғыстаудың «Көкмойнақ» командасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі марафон-бәйгеге қатысып, Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды бағындырған еді.

 

Жалпы 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінді. Еліміздің 19 өңірінен марафонға 1 командадан қатысты. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.

Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, ҚР Туризм және спорт Министрлігінің ұйымдастыруымен, «АMANAT» партиясының және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен өтті. 

Ал, марафон-бәйгенің Бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.