«Легионерлер нәтиже көрсетпеді»: Депутат легионерлерді емес, отандық спортшыларды қолдау керегін айтты


Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сенат отырысында Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының бірінші оқылымы болды.
Депутат Нұрлан Бекназаров Туризм және спорт министрлігінің өкіліне қаралып отырған заң бойынша сауал жолдады.
«Елімізде спорттық дайындық жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, оның дамуы үшін қолайлы жағдайларды жасайтын болсақ, шетелдік легионерлерді тартпай-ақ әлемдік футболда және басқа да спорт түрлерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады деп есептейміз.
Бір мысал, спорттық инфрақұрылымдарға инвестиция салып, жоғары білікті жаттықтырушыларды жасақтау арқылы халықаралық ареналарда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген Исландия футбол командасын айтуға болады. Мемлекет тарапынан қолданылған бұл тәсіл шағын елдің құрамасының әлем және Еуропа чемпионаттарында нәтижелі өнер көрсетуіне мүмкіндік берді.
Жалпы, қаралып отырған заңды іске асыру еліміздегі спорттың, әсіресе командалық ойын түрлерінің дамуына қаншалықты мүмкіндік береді?
Шетелдік спортшыларға еліміздің азаматтығын беріп, қомақты қаражат берудің орнына балалар спорт мектептерін қаржыландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ өңірлердегі спорт нысандарын салу мен жаңғырту бойынша министрлік тарапынан қандай жұмыстар атқарылады?» - деп сұрады депутат.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев өткен жылы футбол премьер-лигасының құрамында 325 спортшы ойнағанын, ал оның ішіндегі 149-ы ел спортшылары емес екенін айтты.
«14 футбол командасының құрамындағы 45-50 пайызы легионерлер болатын. Сондықтан біз легионерлердің жалақысын, төлемақысын шектеп, оны бюджеттен, квазимемлекеттік сектордан төлеуге тыйым салып отырмыз. Бұл өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Қазір қазақстандық спортшылар өздері шығып ойнап жатыр.
Жиырма жылдан астам уақыт легионерлер отандық спортқа өз үлесін қосқан да шығар, бірақ нәтиже онша емес болатын. Сондықтан біз отандық спорт пен спортшылардың дамуына көңіл бөлеміз. Легионерлерден үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсалатын болады», - деді вице-министр.