00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Кирилл Герасименко: Жеңіске жету үшін тәжірибе мен уақыт керек

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Кирилл Герасименко: Жеңіске жету үшін тәжірибе мен уақыт керек
Фото: әлеуметтік желі

-Әлем чемпионатының жоғарғы лигасында екінші мәрте ойнап жатырсыздар. Сіздер үшін қалай өтті? 

Командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысу үшін әлемнің 200-дей мемлекеті іріктеуден өтіп, 40 үздігі ғана өнер көрсетті. Біз 2023 жылы әлемнің көшбасшылары саналатын Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайпеймен бірге Азия чемпионатында сынға түсіп, 8-орынға табан тіредік. Нәтижесінде әлем чемпионатына шықтық. Өте қиын болды деп айта аламын. 

-Әлем чемпионатында барлық 9 ойында жеңіске жеттіңіз. Бұндай көрсеткішке қол жеткіземін ойламаған шығарсыз? 

Әрине, 9 жеңіс деген мені де таңғалдырады. Бірақ әлем чемпионаты басталмай тұрып, өзіме кім болса да, ойын қалай өрбісе де, жеңуге тиіспін деген мақсат қойдым. Әр қарсыласқа, допқа тыңғылықты дайындалдым. 

Ең жарқын жеңіс ретінде Әлем кубогының иегері, Олимпиаданың 6 дүркін жүлдегері, Әлем және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, әлемнің экс-бірінші ракеткасы Дмитрий Овчаровпен (Германия) болған ойынды айтар едім. Неге? Себебі, мен даңқты спортшымен алғаш рет кездестім. Атағы жер жаратын Дмитриймен ойын жүйкеге әсер етті. Бірақ 3:1 есебімен басым түстім. 

Әлемдік рейтингте 10-орында тұрған, командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері, үш дүркін Еуропа чемпионы, екі дүркін Еуропа ойындарының чемпионы Цю Данмен бұған дейін неміс бундеслигасы аясында ойнап, есе жіберген едім. Осы жолы 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып алдым. 

Командалық жеңіс ретінде АҚШ-ты 3:1-мен ұтқан сәт барлығымызды шаттыққа бөледі. Өйткені осы жеңістің арқасында 2-орынмен плей-оффқа жолдама алдық.

Жас құрамамыздың әр ойыншысы барлық күшін салып, жеңіске деген жігері мені өте қатты қуантты. Тәжірибе мен уақыттың арқасында алдағы жарыстарда жетістіктеріміз жоғарлайтынына сенемін.

-2022 жылы Қазақстан әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойнаса, 2024 жылы плей-оффқа шықты. Осындай жетістіктің сыры неде? Әлі қандай кемшіл тұстары бар? 

Кейінгі жылдары үстел теннисіне қатты көңіл бөлініп келеді. Салыстырмалы түрде мен мансабымды бастағанда, үстел теннисінің деңгейі қазіргідей емес еді. Нәтижесінде жас таланттардың буыны өсіп келеді. Солардың бірі — осы әлем чемпионатында ел намысын қорғаған 17 жастағы Алан Құрманғалиев. Шетелдік оқу-жаттығуларға да жіберіп, шеберліктерін шыңдайды. Менің ойымша, кәсіби үстел теннисіне әлі де көңіл аз бөлінетін секілді. Тағы да көрсеткіштерімізді жақсарту үшін, бапкерлер құрамын толықтырып, әр спортшыға жеке көңіл бөлу керек деп ойлаймын. 

-Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз? 

Бұл көрсеткішпен тоқтап қалмай, мықты тұсымды одан әрі шыңдаймын. Қазақстанның көк туын халықаралық аренада желбіретуге бар күшімдіі саламын. 

-Әңгімеңізге рахмет! 

Құраманың көрсеткіштері:

В тобы

Қазақстан — Сауд Арабиясы 3:0

Қазақстан — Англия (өткен әлем чемпионатының 1/8 финалисі) 2:3

Қазақстан — Германия (өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері) 2:3

Қазақстан — АҚШ 3:1

1/16 финал

Қазақстан — Үндістан 2:3

Сұхбаттасқан: Қанат Байұзақов