ITTF Fa20 Astana para open-2024: Елордалық спортшылар жүлдегерлер атанды
Астанада пара үстел теннисінен ITTF Fa20 Astana para open-2024 халықаралық турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Elorda.info елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың алғашқы күнінде жекелей разряд нәтижесінде үш бірдей жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтар болсақ ITTF Fa20 Astana para open-2024 халықаралық турнирінде ұлттық құраманың мықты ойыншысы елордалық Алтынай Ержанқызы 9-10 санат бойынша қола жүлдеге қол созды.
Астанада осындай деңгейдегі турнирдің өткеніне қуаныштымын. 9-санаттағы қарсыластарым өте мықты болды. Әсіресе, Аустралиядан келген Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Мелисса Тапперді ерекше атар едім. Ал күміс жүлде үшін Ольга Комлевамен болған ойында сәл ғана сәттілік жетіспей қалды», - дейді халықаралық турнирдің қола жүлдегері Алтынай.
Сондай-ақ 4-ші және 8-ші санат бойынша сынға түскен жерлестеріміз Александра Степанова мен Балзия Таш үздік үштіктер қатарын толықтырды.
Енді отандастарымыз бүгін және ертең айтулы доданың жұптық, жұптық-аралас түрлерінен бақ сынайды.
Айта кетейік, халықаралық турнир тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында, сондай-ақ интеллектуалды мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасында Астана төрінде алғаш рет өтіп жатыр.