00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Геннадий Герасименко: Астанада пара теннистен халықаралық турнир өткізу үлкен жетістік

4 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Геннадий Герасименко: Астанада пара теннистен халықаралық турнир өткізу үлкен жетістік
Фото: Пара теннис федерациясы

Астана қаласында 1-3 наурыз күндері аралығында өткен айтулы жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары 5 күміс, 11 қола еншіледі, деп хабарлайды Elorda.info.

Осы орайда Астана қаласының аға жаттықтырушысы Геннадий Герасименко өткен додаға өз бағасын берді:

Аралас жұптық бәсекеде ең тартысты ойындардың бірі XD17 санатында өтті. Еліміздің атынан Әли Мақұлбеков/Алтынай Ержанқызы Ресейдің тәжірибелі ойыншылары Юрий Ноздрунов (Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері)/Елена Литвиненкоға қарсы лайықты қарсылық көрсетті. 2016 жылы Мәскеу қаласындағы оқу-жаттығу жиынында әлемнің ең үздік үстел теннисшілері бас қосты. Олардың арасында чемпион атанған Юрий Ноздрунов та бар еді. Бұл спортшы 2000 жылдан бері үстел теннисімен айналысады. Әлемдік, Паралимпиада ойындарында көптеген тәжірибесі бар. Алайда біздің спортшылар пара үстел теннисімен айналысып жүргеніне  2-3 жыл ғана болғанына қарамастан, 1:3 есебімен ғана жол берді. Бұның өзі өсу бар дегенді білдіреді. Екі отандасымыз да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Тек қарсыластың мықты тұсына допты бағыттап, қате шешім қабылдады. Бұл арада ойыншылар, бапкер мен теннисшілер бір-бірін түсінуі де көрсеткішке тікелей әсер етеді. Финалдағы қарсыластардың барлығы – спорт шеберлері. Бірақ концентрация, бақылау, психологиялық ұстамдылық ойын тағдырын шешеді. Өкінішке қарай, осы жолы Ресей теннисшілерінің пайдасына шешілді.

0010.jpg

Елорда төрінде әлемнің ең үздіктері Паралимпиада чемпиондары Елена Прокофьева (AIN), Уилл Бэйли (Ұлыбритания), Алена Канова (Словакия), Лондон Паралимпиадасының чемпионы Томми Урхайгтер (Норвегия), Пиотр Грудзиен (Польша) бас қосты.

Үш күнге жалғасқан турнирде Ресей құрамасы жалпы есепте 1-орынды иеленді. 20-ға жуық спортшының барлығы жүлделі орындарды алды. Неге? Себебі, солтүстіктегі көршімізге 2-3 жылдық үзілістен соң, енді ғана Париж Паралимпиадасының рейтингтік жарысына қатысуға мүмкіндік берілді. Яғни, жеңіске «аш». Кімнің жеңіске құлшынысы зор. Солар көп жағдайда чемпион атанады,- дейді бапкер.

Ол Астана қаласынан өнер көрсеткендердің арасында 19 жастағы Алтынай Ержанқызы жеке, аралас жұптық, жұптық сайыстың барлығында жүлде алғаны үлкен жетістік екенін атап өтті. 

 Жалпы  елімізде Пара үстел теннисімен айналысатындардың үлесі пара жеңіл атлетикадан кейінгі 2-орында тұр. Еліміздің барлық дерлік  өңірінде қолға алынып жатыр.  Астана қаласында бірінші рет халықаралық турнирді өткізу өте үлкен жетістік. Олардың арасында Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері – Мелисса Тапперді (Аустралия) ерекше атар едім. Бұл спортшы жақын арада ғана Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынған Оңтүстік Кореядағы командалық әлем чемпионатына қатысты. Бүгін Астанада пара спортшылар арасындағы жарыста чемпион атанды, - деді Г. Герасименко.

Бапкер Астанадағы турнир көптеген отандық пара теннисшілерге оң әсер ететіндігін атап өтті.

Халықаралық пара теннис федерациясына 53 отандасымызға қатысуға мүмкіндік бергені жақсы болды. Себебі, шетелдік додаларға барлығының баруға реті келмейді. Жаттығуда қанша қателікті дұрыстағанымызбен, іс жүзінде мүлде бөлек. Міне, бірінші рет халықаралық турнирде бақ сынаған жерлестеріміз өте үлкен тәжірибе алды. Жеке сайыста қарсы ойнаса, жұптық сайыста бірігіп, өз қателіктерін байқады, - дейді ол.

Енді пара теннисшілер Италиядағы кезекті жарысқа аттанады.

00070.jpg

                                                                                                                       Қанат БАЙҰЗАҚОВ