00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ертуған Зейнуллинов: Осы жолы мүмкіндігімді жібермеуге тырысамын

28 тамыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ертуған Зейнуллинов: Осы жолы мүмкіндігімді жібермеуге тырысамын
Фото: Boxing Kazakhstan сайты

Әуесқой бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Азия ойындарына баратын спортшылар анықталды. Осы орайда Elorda info  тілшісі әзірге  көпшілікке соншалықөты жақсы танымал емес, десе де құрлықтық бәсекеде  63,5 келі салмақта ел намысын қорғайтын Ертуған Зейнуллиновпен сұхбаттасты. 

Ертуған, бокс спортына қашан, қалай келдіңіз? 

2012 жылға дейін футбол, күрес, таэквондо спорт түрлерімен айналыстым. Алайда өз орнымды таппадым. 2012 жылы досыммен бірге еріп, бокс секциясына жазылдым.  Содан бастап осы күнге дейін осы салада келе жатырмын. 

Ұлттық құрамаға қашан кірдіңіз? 

Ең алғаш 2017 жылы ел чемпионатында 60 келіде сынға түсіп, жартылай финалда Токио Олимпиадасының қатысушысы, бірнеше дүркін Қазақстан жеңімпазы Закир Сафиуллинге есе жібердім. Нәтижесінде қола жүлдегер атанып, ұлттық құрамаға кірдім. Алайда 3 айдан соң, аяғымды сындырып алдым. Сол мезеттерде боксты тастайтындай ойда жүрдім. Бірақ алға қойған мақсат және бірнеше жылдық еңбегімді зая кетіргім келмеді. 

2020 жылы үлкен спортқа оралып, алғаш рет Қазақстан чемпионы атандым. Оңай болмады. 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда қарсыласым мұрным жарақаттап алғанына байланысты (Ерсұлтан Болат) автоматты түрде жеңімпаз болдым. Әсіресе, ширек финалда қолым сынса да, 1/2 финалда бір қолмен жұдырықтасуға мәжбүр болдым. Өкінішке қарай, 2021 жылы түрлі себептермен әлем чемпионатына қатыспадым. Енді осы жолы мүмкіндігімді жібермеуге тырысамын. 

 Азия ойындарына баратын спортшылардың қатарына кіргендегі әсеріңізбен бөліссеңіз? 

Азия ойындарына баратын боксшылардың арасынан жетістігі ең азы саналамын. Өздеріңіз білетіндей, 63,5 келі салмақта елімізде бәсекелестік өте жоғары. Маусым айында өткен «Elorda Cup» турнирінде 5 бірдей ел чемпионы Азия ойындарының жолдамасына таластық. Нәтижесінде 1-орын алып, бапкерлер Париж Олимпиадасының жолдамасына таласуға мүмкіндік берді. 

Ұзақ жылдардан соң, ірі жарысқа баруға мүмкіндік алдыңыз. Осы кезге дейін боксты тастап кететін ойыңыз болды ма? 

Кейде жекпе-жектердегі жеңіліс, төрешінің әділетсіздіктері боксты тастап кетуге итермелейді. Егер ұлттық құрамаға ілінбесең, спортпен айналасуға мүмкіндік болмайды. Ондай сәттерде жұмыс істеп, қалған уақытымда жаттығумен айналысуға ден қойдым. Нәтижесінде бәсекелестік жоғары болса да, ұлттық құрамада лайық екенімді дәлелдедім.

Сұхбатыңызға рақмет! 

                                                 Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ