Елдос Сметов: Биік тұғырға бәсекелестік арқылы ғана жете аламыз
Дзюдодан 10-12 мамыр күндері аралығында елорда төрінде өтетін «Үлкен дулыға» бәсекесі алдында Елдос Сметов Elorda.info сайтына өз ойымен бөлісті.
Алдағы жарыс бойынша ойыңызбен айта кетсеңіз?
Ересектер құрамасы сапында жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. Біршама жарақаттар кедергісін келтірді. Енді ақырындап қалпыма келіп жатырмын. Өз елімдегі жарысқа тыңғылықты дайындалудамын. Бұған дейін 2015 жылы Астанада әлем чемпионы атанып едім. 9 жылдан кейін қайта күреспекшімін. Бұйырса, Олимпиадалық ұпайды еншілеп, ел үмітін ақтауға барымды саламын. Барлығын татами көрсетеді.
Сізден бөлек, осы турнирде Мағжан Шамшадин, Шерзод Давлатов, Дәурен Сүйкенов сынға түседі. Ол спортшылар туралы не айтасыз?
— Оларды қарсылас ретінде көрмеймін. Өйткені олар менің артымнан өсіп келе жатқан інілерім. Жол көрсету — менің ағалық міндетім. Бауырларымның жеңіске жетуі, көк байрағымызды желбіретуі мен үшін қуаныш.
БАӘ-де өтетін әлем чемпионатына бару мүмкіндігіңізді қалай бағалайсыз?
— Өткенде Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі «үлкен дулығада» топ жарды. Бүгін Мағжан Шамшадин Душанбедегі «үлкен дулығада» күміс жүлдеге ие болды. Алда Астанадағы «үлкен дулыға» бар. Бұйырса, осы турнирлерден кейін әлем чемпионатына баратын дзюдошы анықталады деп ойлаймын. Бұл жерде үлкен бәсекелестік жүріп жатыр. Дегенмен бұл інілеріме пайдасын тигізбесе, зияны болмайды деп сенемін. Бәсекелестік арқылы ғана биік тұғырдан көріне аламыз.
3-ші Олимпиадалық цикл. Осынша ұзақ уақыт бойы өзіңізді қалай қамшылап келе жатырсыз?
— 2012 жылы Олимпиадаға қатыса алмадым. 2016, 2021 жылдары Олимпиада тұғырының оң және сол жағында да тұрдым. Бұйырса, басты мақсатым — ең жоғарғы қақ ортасында тұрсам деген мақсат мені алға итермелейді. Өмірде мүмкін емес деген дүние жоқ. Қиыншылықтар, кедергілер кездеседі. Бірақ өмірде тек алға ұмтылып, еңбектенген адам міндетті түрде жемісін жейді.