Чемпиондар лигасы: «Астана» келесі айналымға өте ала ма?
Бүгін футболдан чемпиондар лигасының 2-раундында «Астана» клубы өз алаңында «Динамо» (Хорватия) командасын қабылдайды, деп хабарлады Elorda.info.
Бір апта бұрын өткен алғашқы ойында «Динамо» клубы жерлестерімізге еш мүмкіндік бермей, 4:0 есебімен ойсырата жеңген еді.
Бұған дейін қос клуб 2018 жылы чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде жолығып, «Динамо» қос ойын қорытындысы бойынша 3:0 есебімен басым түскен болатын. Ендігі басты мақсат – тым болмаса, қарсылас қақпасына бір доп соғу. Өйткені, Хорватия клубының қақпасын былтырғы әлем чемпионатының басты қаһармандарының бірі атанған (пенальти қайтарудан) Доминик Ливакович қорғайды.
Жалпы, отандық клубтар Хорватия ұжымдарымен төрт мәрте кездесіп, екеуінде келесі кезеңге өте алыпты.
2021 жылы Конференция лигасы аясында «Тобыл» клубы сырт алаңда «Хайдуктен» 0:2 есебімен жеңілсе де, өз алаңында 4:1 есебімен жеңіп, сенсация жасаған еді.
2022 жылы алғаш рет еурокубокта ойнауға жолдама алған «Қызылжар» командасы да өз жерінде 1:2 есебімен жол бергенімен, сырт алаңда 2:0-мен ұтып кеткен болатын.
Аталған қос ойында да отандық командалар аутсайдер саналды. Әйтсе де, үміттерін жоғалтпай, соңына дейін ойнаған отандастарымыз қарсыластарынан басым түсе білді.
Бүгін кезекті сенсацияны күтеміз бе? Барлығы кешкі 20:00-де «Астана Арена» стадионында өтетін ойында белгілі болады.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ