00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Bolashaqqa Jol»: Көше баскетболынан ойын өтті

2 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Bolashaqqa Jol»: Көше баскетболынан ойын өтті
фото: Elordainfo

Жастар арасындағы танымал спорттың бірі – көше баскетболынан жұлдыздардың қатысуымен ойын ұйымдастырылды деп, хабарлады Еlorda.info сайты.

«NS street life» спорт алаңындағы іс-шараға қазақ күресінен Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді атақты балуандарды насихаттап жүрген Сергей Цырульников қатысты.

 

Неге танымал адамды шақырылды? Бұл сұраққа «The Chronic» спорттық іс-шаралар ұйымдастыру агенттігінің басшысы Азамат Кубышев жауап берді:

«Кейінгі жылдары әлемде көше баскетболының даму қарқыны жоғары. Тіпті 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында алғаш рет баскетболдың 3x3 форматында жүлде сарапқа салынды. Ерлер бәсекесінде халқы 2 млн-ға жетпейтін Латвия құрамасы чемпион атанды. Бұл нені білдіреді? Көше баскетболында кез-келген адамның биік тұғырдан көріне алатындығын дәлелдейді. Бұл жобаны біз Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткізіп жатырмыз. Бұған дейін көше баскетболы қылмысқа әуес, бұзақылардың ойыны ретінде есептеліп келсе, қазір қоғамның да көзқарасы өзгерді. Бұл тек доп қуу емес, бос уақытты тиімді ұйымдастырудың жолы деп, есептеймін. Өкінішке қарай, бұл форматқа қызығатын, білетіндердің саны аз. Сергей Цырульников т.б танымал тұлғалар арқылы өзім секілді жастардың қатары артса деген ниетім бар».

 

Баскетболдың 3х3 түрі 2018 жылы Азия ойындарына кіргізілген болатын. Қазақстанның ерлер құрамасы 8-орын алса, әйелдер командасы 11-орынға тұрақтаған еді.

«Кезінде АҚШ-та «түнгі баскетбол» жобасы қолға алынып, кешкі уақытта көше баскетболын тұрақты, тегін ұйымдастырды. Себебі, кешкі, түнде жастар қылмыстық істерге көп барады. Жоба нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс лезде азайып, президентке де бұл ақпарат жеткен. Біздің мақсатымыз – көше баскетболы арқылы жасөспірімдерді дұрыс жолға салу, уақытын тиімді өткізу, жақсы орта табуына көмектесу. Астана қаласында көше баскетболын ойнайтын Ботаникалық саябақ, Триатлон саябағы, «NS street life» спорт алаңы ғана бар. Алдағы уақытта осындай жерлердің көбеюі жастар үшін пайдалырақ болады деп сенемін» - деді,  «The Chronic» спорттық іс-шаралар ұйымдастыру агенттігінің басшысы Азамат Кубышев.

Жоба аясында көктер мен қызылдар баскетбол ойынын өткізіп, көктер 2:0 (15:12, 14:7) есебімен жеңіске жетті.

Шара соңында Сергей Цырульников жас спортшыларға өз шеберлігін көрсетіп, естелік суретке түсті.

Қанат Байұзақов