Бокс: Азия ойындарының жүлдегерлері қосымша сыйақы алады
Азия ойындарының жүлдегерлері Қазақстан бокс федерациясы президентінен сыйақы алады, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгін бас бапкер Шамиль Сафиулин бастаған бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқылардың бірі болып Қытайға аттанды. Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары қарсаңында біздің спортшылар жергілікті және Тәжікстан боксшыларымен біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
Құрама мүшелерін бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев әуежайдан шығарып салды.
Бұл жарыстағы басты мақсат – қазақ боксының үздік екенін тағы бір мәрте көрсетіп, медальдар мен Париж-2024 Олимпиадасының лицензияларын иелену,-деді ол.
Сонымен қатар, ол ҚБФ президентінің жеке қаражатынан сыйақы беру дәстүрі жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдеге ие болған спортшы – 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін – 10 мың АҚШ долларын алады.
Қытай шаршы алаңында ел намысын қорғайтын боксшылар:
50 кг Назым Қызайбай;
54 кг Жайна Шекербекова;
57 кг Карина Ибрагимова;
60 кг Римма Волосенко;
66 кг Наталья Богданова;
75 кг Валентина Хальзова.
Айта кетейік, XIX жазғы Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Аталған додада Қазақстан құрамасынан 500-ден астам спортшы спорттың 33 түрінен сынға түседі. Осы жолы алғаш рет Азия ойындарында Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады.