00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Биыл елордада 640-тан астам спорттық іс-шара өтті – Серік Жарасбаев

27 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Биыл елордада 640-тан астам спорттық іс-шара өтті – Серік Жарасбаев
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Астана тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиында балалар мен бұқаралық спорттың дамуына, спорт инфрақұрылымын жақсартуға және ұлттық спорт түрлерін насихаттауға баса назар аударылды.

Серік Жарасбаев биыл спортпен айналысатын азаматтардың үлесі 41,5%-ға (8,4 млн-нан астам адам) жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ биыл елордада шахматтың рапид және блиц түрінен, самбодан және асық атудан әлем чемпионаттары, теннистен Дэвис кубогы сияқты матчтарды қоса есептегенде 640-тан астам спорттық іс-шара өткізілді. Бұқаралық жүгіру мен велошеруілерге 56 мыңнан астам адам қатысты.

2024 жылы елордада «Сана» отбасылық спорт орталығы және Kodakan Spirit дзюдо орталығы ашылды. Ал келесі жылы «Теміржолшылар» және «Ильинка» тұрғын алаптарында дене шынықтыру және сауықтыру кешеніндерінің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Елордада ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инклюзивті орта құруға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, алдағы уақытта «Нұра» ауданында ерекше жандар үшін «Бочча» орталығы салынса, Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионды жаңғырту жұмыстары жалғасуда, - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары.

Фото: Туризм және спорт министрлігінен

Ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар саны 845,9 мыңға жетті. Биыл елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 112 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Серік Жарасбаев спорт саласындағы болашақ реформалар, соның ішінде жан басына шаққандағы балалар спорт мектептерін қаржыландыру моделін әзірлеу туралы айтты. Пилоттық жоба 2025 жылы басталып, 2026 жылы бүкіл ел бойынша енгізілетінін жеткізді.

Сонымен қатар спорт саласын цифрландыру жұмысы белсенді жүргізілуде. Спортшылар, жаттықтырушылар, спорт нысандары мен жарыстар туралы деректерді біріктіретін E-Sport платформасы пилоттық режимде іске қосылады.

2025 жылдың ақпанында Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары өтеді. Сары құрлық додасына 139 қазақстандық спортшы, оның ішінде елорданың 37 өкілі қатысады.

Кездесу соңында Серік Жарасбаев елорда тұрғындарына жиынға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, спортты дамытудағы бірлескен күш-жігердің маңызын атап өтті. Жиын сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.