Биатлоннан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадаға қатысушылар анықталды
Щучинск қаласында қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының базасында биатлоннан ҚР Кубогы өз мәресіне жетті. Қос кезең нәтижесі бойынша жасөспірімдер олимпиадасына қатысушылар анықталды, деп хабарлады Elorda.info Қазақстан Биатлоншылар Одағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиадаға жолдаманы жасөспірім ұлдар арасында Ілияс Хасенов, Зотов Кирилл, Редькин Антон, ал қыздар арасында Карабаева Алема, Воробьева Мария және Рыбалкина Эвелина иеленді.
Екінші жарыс күнінің нәтижесі бойынша ерлер құрамасы 10 шақырым қашықтықта бақ сынап, арасынан Сирик Сергей 29:39.6 уақытта топ жарды. Екінші болып мәреге 30:05.6 уақытта Башкиров Антон, одан кейін 30:17.1 уақытта Бирюков Александр жетті.
Әйелдер арасында 7,5 км қашықтықта Климина Дарья көш бастады. Ол мәреге 22:16.2 уақытта жетсе, одан +28.2 сеундқа кешігіп, екінші болып Вишневская-Шепоренко Галина 22:44.4 уақытта жетті. Үздік үштікті Пивоварова Надежда 25:08.9 уақытта аяқтады.
Жасөспірімдер арасынан 10 км шақырымда Куралес Вадим (26:39.9 секунд) бірінші орынға, Афанасьев Артем (27:33.5 секунд) екінші, ал Каданцев Артур (27:46.2 секунд) үшінші орынды иеленді.
Жасөспірім қыздар арасында алматылық Яна Чупик 25:12.1 уақытта жеңіске жетсе, Ардалионова Ульяна 25:27.2 уақытта екінші, Карабаева Алема 25:55.2 көрсеткішпен үшінші болып жарысты аяқтады.
Желтоқсан айының 21-24 аралығында өткен Биатлоннан ҚР Кубогының екінші кезеңінде Абай, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері бақ сынап, жалпы саны 100 ден астам спортшы өнер көрсетті.
Айта кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді.
Олимпиадаға әлемнің 70 елінен келетін 1800 спортшы қатысады деп күтілуде.