Азия пара ойындарының жеңімпаздары елге оралды
Ханчжоуда өтіп жатқан IV Азия пара ойындарында пара дзюдодан алғаш рет алтын әперген спортшыларымызды әуежайдан күтіп алды, деп хабарлады Elorda.info.
Қытай төріндегі Азия пара ойындарында 20-ға жуық пара дзюдошыларымыз өнер көрсетіп, 3 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды. Олардың ішінде елорда спортшыларының сапынан Ақмарал Науатбек пара дзюдодан Азия пара ойындарында тарихи бірінші алтынды әперді. Сондай-ақ, J1 санатындағы Ерғали Шамей 73 келіде қарсылас шыдатпады. Ал Асылан Нұрдәулетов күміс жүлдеге қол созса, Бауыржан Арыстанбеков 3-орынға ие болды.
Азия пара ойындарынға тыңғылықты дайындықты Алматы облысында өткіздім. Кейінгі жылдары менің салмағымда бәсекелестік қатты күшейіп келеді. 2 дүркін әлем чемпионы болсам да, басты қарсыластарым Өзбекстан, Қытай спортшылары деп санаймын. Сондықтан Азия пара ойындарында мен үшін чемпион болу оңай болмады. Әсіресе алаң қожайынымен өткен финалдық белдесу қиынға соқты. Бастапқы секундтарда ауырту әдісіне түсіп қалсам да, дер кезінде босап шықтым. Енді алда Жапонияда өтетін гран-при жарысына қатысып, Париж Паралимпиадасында чемпион болу үшін жаттығу жұмыстарына кірісемін, - деді Азия пара ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбек.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұған дейін 2014, 2018 жылдары тек пара жүзу спортында ғана алтын алған еді.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ