Астаналық спортшы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды
БАӘ-нің Дубай қаласында өткен жеңіл атлетикадан 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Айтулы бәсекеде 4×400 эстафета сайысында сынға түскен астаналық спортшы Екатерина Колода 2-орынға ие болды, деп хабарлады Elorda.info.
Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан командасы 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатынан сегіз медаль жеңіп алды. Бас бапкер Дмитрий Карпов жас атлеттердің аяқ алысына баға берді.
Жасөспірімдер командасы жалпы есепте жетінші орын алды. Команда қоржынында бір алтын, төрт күміс, үш қола медаль бар. Спортшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Жалғыз алтын медальді жетісайыстан Алина Чистякова жеңіп алды. Ол былтыр ересектер құрамасына қабылданып, Тегеранда өткен Азия біріншілігінде бессайыстан қола медаль иеленген болатын. Осы орайда, команданың негізгі құрамы жаңа спортшылармен толығатынын айтқым келеді. Өскелең ұрпақ жақсы нәтиже көрсетуде, олар өздерінен үлкен буынмен де бәсекеге түсе алады. Қазіргі таңда Азиядағы жеңіл атлетика деңгейі өте жоғары. Жас спортшылардың өзі халықаралық турнирлерде нормативтен асып жатады. Спорт түрлері де қарқынды дамып келеді, - деді Карпов.
Айта кетейік, құрлықтық додаға 30 елден келген спортшы сынға түсті. Еліміздің намысын 42 спортшы қорғады.