Астанада волейболдан Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған турнир өтті
Жарысты Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды, деп хабарлады Elorda.info.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Аtamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев және "Қарулы Күштердің ардагерлері" РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысты.
Өз кезегінде әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Аtamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне ауқымды іс-шараны ұйымдастырғаны және жастарды патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен 2024 жылдың атаулы күндері күнтізбесінде Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің жүз жылдығын атап өту де айтылған. Мерейтойға арналған алғашқы іс-шаралардың бірі – бүгінгі волейбол турнирі. Оның қатысушыларына тартысты ойын, тамаша нәтижелер мен сәттілік тілеймін, – деді әділет полковнигі Т.Басқожаев.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде өткен жарысқа 16 колледждің командалары қатысты.
Біз қазақтың атақты әскери қолбасшысы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған шаралар эстафетасына бірінші болып қосыламыз деп шештік. Елорданың 30 колледжінің 25-імен біздің қоғамдық бірлестік жастарды рухани-адамгершілік патриоттық тәрбиелеу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл іс-шара өзара тәжірибелік қарым-қатынастың көрнекі үлгісі, – деді Мұрат Молдағалиев.
Айта кетейік, студенттер батырлардың өмірбаянын жақсы білуі үшін 16 команданың әрқайсысы қазақстандық Кеңес Одағының әйгілі батырларының атымен шықты. Турнирдің ұйымдастырушылары бұл жастарға Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы мен оның батырлары туралы барынша тереңірек білуге ықпал етеді деп түсіндірді.